«Ұлы Дала Еліне саяхат» экспедициясы мың шақырымдық тау жолын еңсерді

Экспедиция қатысушылары алғашқы «Тянь-Шань маржандары» маршруты бойынша жүріп өтті, – деп хабарлайды «ARAINEWS» ақпарат агенттігі  inform.kz  сайтына сілтеме жасап.

Экспедиция қатысушылары аталған бағыт бойынша Баянқол аңғарына жол тартты. Алматыдан аңғарға дейінгі қашықтық — 380 шақырым. Саяхатшылар Қазақстанның ең биік нүктесі — Хан Тәңірі шыңын, сонымен қатар Мәрмәр дуал, Үстірт шыңы тәрізді алты мыңдық және Шекарашы, Қарлытау, Қазақстан, Баянкөл, Семенов тәрізді бес мыңдық биіктіктерін тамашалады.

Келесі аялдама — ащы-тұзды Тұзкөл тау көлі болды. Мұндағы бір литр судың құрамындағы тұз мөлшері — 300 гр. Көлдің емдік қасиетін Өлі теңізбен салыстыруға болады.

Қара жолмен 30 минут жүрген соң, экспедиция қатысушыларының алдынан Шалкөде даласы шықты. Экспедиция тобы мұнда келгенде, «Жетісу жүйрігі» фестивалі өтіп жатқан болатын. Қатысушылар ұлттық спорттың аударыспақ, қыз қуу, қазақ күресі тәрізді ойындары мен ең басты сайыс — 4 санат бойынша өткен бәйгенің куәсі болды. Шалкөде даласы — жақын елді мекендердің жайлауы. Маусым мен қыркүйек аралығында мұнда 100-ге жуық киіз үй тігіледі. Малшылар туристерді осы жерде әрдайым қуана қарсы алатынын жеткізді.

Экспедиция қатысушылары Шалкөдеден келесі пункт — Дардамты турбазасына дейін атпен барды. Шонжы ауылының оңтүстік-шығысына қарай шамамен 48 шақырым жерде, теңіз деңгейінен 1180 метр биіктікте орналасқан турбазада олар құсбегі Қуаныш Исабековпен танысты. Ол қонақтарға құс баптаудың құпияларын айтып берді. Бүркітпен саят құру — қазақ дәстүрінің бір бөлшегі. Қуанышқа әртүрлі елдерден, соның ішінде Франция, Ұлыбритания, Германия және араб елдерінен туристер жиі келеді.

Ары қарай, саяхатшылар Жіңішке мен Шілікті өзендерін, Ассы үстіртін, Шарын шатқалы мен Түрген аңғарын, Аюлы және Қайрақ сарқырамасын, Батан шатқалын аралап, 29 шілдеде Алматыға келді.

«Экспедицияға қатысқан туристік компаниялар, біздің ішкі туристерге де, сондай-ақ, өзге елден келгендерге де қызықты ұсыныстар жасай алатынына сенімдіміз. Және осы бағыт әлі тұмса қалпында сақталған табиғи орындар мен мәдени мекендерді аралатып, тіпті өркениет әсеріне ұшырамаған адамдардың тұрмысын көрсететіндіктен, бұл ұсыныстар үлкен сұранысқа ие болады деп үміттенеміз», — дейді «Kazakh Tourism» ҰК» АҚ Басқарма Төрағасының орынбасары Қайрат Садуақасов. «Ұлы Дала Еліне саяхат» — бұл Қазақстанның 20 табиғи нысанын аралайтын бірегей экспедиция екенін жазған болатынбыз. «Ұлы Дала Еліне саяхат» экспедициясы 6 бағыт бойынша 6 туристік кластерді қамти отырып, маңызды табиғи нысандарға барады және ол 2018 жылдың 26 қыркүйегіне дейін жалғасады.

Пікір білдіріңіз

Your email address will not be published.