«ұлттық құндылықтарымызды жастардың санасына барынша сіңіру қажет» | arainews.kz

«ұлттық құндылықтарымызды жастардың санасына барынша сіңіру қажет»

241

Жалынды жастардың еліміздің жарқын болшағы әрі қоғамның қозғаушы күші екені әмбеге аян. Әсіресе, олардың тұлға ретінде қалыптасу кезеңі университет, колледж қабырғасында өтеді. Сондықтан, жоғары оқу орындарында студенттермен арнайы жұмыс жүргізетін ұйымдардың болатыны заңдылық. Осы орайда, Тараз инновациялық-гуманитарлық университетінде де жастар ісі жөніндегі комитет жемісті жұмыс істеп келеді. Біз ұйымның бүгінгі аяқ алысы мен ертеңгі жоспарының жай-жапсарын білмек мақсатта комитет төрайымы Назгүл Әбітаевамен жолығып, сұхбаттасқан едік.

– Жастар ісі жөніндегі комитет университет­тің мемлекеттік жастар саясатын жүзеге асырушы құрылымдық бөлімшесі екенін білеміз. Осы ретте, әңгімемізді ең алдымен өзіңіз жетекшілік етіп отырған комитеттің бүгінгі тыныс-тіршілігінен бастасақ?
– Баршаға белгілі, Тараз инновациялық-гуманитарлық университетіне биыл 10 жыл толды. Оқу орны іргесін қалаған жылы көп ұзамай-ақ жастардың университет қабырғасындағы қоғамдық ұйымдарының бірі ретінде жастар ісі жөніндегі комитет құрылған болатын. Яғни, биыл біздің ұйым да өзінің 10 жылдық белесіне қадам басты. Комитет те осы аралықта дамып, өзінің мақсаты мен міндеттерін нықтай түсті. Өзінің жоспарларын және болашақта атқарар міндеттерін белгіледі.
Ал, бүгінгі тыныс-тіршілігі жайында айтар болсам, комитет біршама белсенді шығармашыл студенттердің басын қосқан үлкен ұйымның біріне айналды. Қазіргі таңда комитеттің мақсат-міндеттері, жастармен жүргізетін саясаты нақтыланған. Бірнеше бағытта жұмыс жүргізетін ұйымның өз белсенділері, сенімді өкілдері бар. Осындай күшпен қазір түрлі бағытта жұмыс жүргізіп келеміз. Әсіресе, студент жастардың жалпы өмірлік позициясын қалыптастыру бағытында, білімге деген көзқарастарын дамытуға және де бос уақытында шығармашылықпен, кәсіпкерлікпен айналысуға, саламатты өмір салтын насихаттауға үлкен мүмкіндік беріліп отыр. Сондай-ақ, өнерлі өрендердің шығармашылығын шыңдау мақсатында университетімізде бірқатар ұйымдар мен клубтар жұмыс істейді. Жалпы, университеттегі жастар ісімен тікелей айналысатын түрлі ұйымдар өзін-өзі басқару құрылымы ретінде өз қызметін мінсіз атқарып отыр.
– ТИГУ жастарының қоғамдық өмірдегі белсенділігі жайлы айтып өтсеңіз…
– Мемлекетіміздің дамуы мен гүлденуі, елдің ертеңі білімді ұрпақтың қарым-қабілетіне байланысты. Осы орайда, Тараз инновациялық-гуманитарлық университеті студенттерінің атқарып отырған жұмыстарын ауыз толтырып айтуға болады. Оған дәлел, студент жастар қала, облыс, республика көлеміндегі түрлі іс-шараларға қатысып, биіктерден көрініп жүр. Бүгінгі таңда еліміздің саяси-экономикалық өміріндегі маңызды басымдықтардың бірі болып отырған Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың Жолдауының, рухани жаңғыру құндылықтарының маңыздылығын жастар арасында насихаттау шаралары көптеп өткізілуде. Студенттер оны қатарластарына өздері түсіндіріп және де қайырымдылық бағытта да іс-шаралар өткізіп жатады. Осыдан бір апта бұрын ғана «Рухани жаңғыру – Қазақ жолы» атты тақырыпта «TIGU CAP» І республикалық пікір-сайыс турнирі өтті. Сол шарада студенттеріміз еліміздің түкпір-түкпірінен келген жастарды күтіп алып, гид қызметін көрсетті. Сондай-ақ, «Жасыл ел» еңбек жасақтарына облыс бойынша ең көп қатысқан жастар да біздің оқу ордамызға тиесілі.
– Жалпы, елімізде жастардың сапалы білім, саналы тәрбие алуына барлық жағдай жасалуда. Мақсат – бәсекеге қабілетті маман дайындап шығару. Сіздіңше, жоғары талап қойылып отырған бүгінгі қоғамның студент жастарының бойынан қандай қасиеттер табылу керек?
– Білімнің қуатына тең келетін рухани күш жоқ деп ойлаймын. Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың жас ұрпаққа деген қамқорлығы аясында бүгінгі буын үшін әлемдік деңгейдегі университеттер, зияткерлік мектептер ашылды. «Болашақ», «Жастар – Отанға!», «Жастардың кадрлық резерві», «Дипломмен ауылға» бағдарламалары жүзеге асты. Ал, жастарымыздың басты міндеті – сапалы білім алу. Қазір біз цифрлық құндылықтар алға шыққан әлемде өмір сүрудеміз. Интернет дамыған кезде түрлі әлеуметтік желідегі ақпарат жастарымыздың санасын уламау үшін, ұлттық құндылықтар негізінде тәрбиелеу мәселесі ең бірінші ретке қойылуы керек. Жалпы, жастар көп нәрсеге жауапкершілікпен қараса деймін.
– Білуімізше, өзіңіз еңбек ететін оқу ордасының қабырғасында білім алып жүрген жылдары сурет салудан түрлі облыстық, республикалық байқауларда жүзден жүйрік шықтыңыз. Тіпті, бір жыл бұрын Алматыда өткен ХХVIII Дүниежүзілік қысқы Универсиада ойындарында алау ұстаушылардың құрамында да болдыңыз. Тек жұмысқа басымдық беріп, шығармашылығыңыз назардан тыс қалып қойған жоқ па?
– Конкурстарға қатыспағаныммен жастармен жұмыс істеудің өзі нағыз шығармашылық деп айтуға болады. Яғни, менің шығармашылық ізденістерім тоқтап қалған жоқ. Себебі, жастармен бірге іс-шаралар ұйымдастырудың өзі шығармашыл болуды, ізденуді талап етеді деп ойлаймын.
– Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев биылғы Қазақстан халқына арнаған Жолдауында келесі жылды «Жастар жылы» деп жариялады. Жалпы, жастардың арасында жүрген маман ретінде «Жастар жылында» қандай жұмыстар атқарылуы керек деп ойлайсыз? Қандай мәселелерге басымдық берген абзал?
– Мемлекет басшысы Н.Ә.Назарбаев Қазақстан халқына арнаған қай Жолдауында болсын жастардың мәселесін назардан тыс қалдырған емес. Ал, осы жолы барлық жастарға ерекше серпін берді десем, артық айтпағаным. Себебі, Елбасымыз жастардың білім алуын, әлеуметтік жағдайын ерекше атап өтіп, келер 2019 жылды «Жастар жылы» деп бекітуді ұсынды. Бұл, әрине, бізге, жастарға артылған зор сенім, үлкен үміт. Сондықтан, «Жастар жылы» ерекше жыл болады деп ойлаймын. Себебі, әрбір жас өз алдына ерекше тұлға. Сол тұлғаның өмірге көзқарасы, өзіндік позициясы бар. Оның дұрыс бағытта алға жылжуы үшін кез келген педагог болсын, басшы болсын өзіндік үлесін қосқаны жөн. Ал, енді «Жастар жылынан» біз не күтеміз? «Жастар жылы» біздің бір ғана жылда орындалатын іс-шаралармен шектелмеуі қажет. Сондай-ақ облыста жастардың барлығының басын қосатын «Жастар сарайын» ашатын кез келген сияқты. Бұл арманымыз орындалса, жастарға жасалған үлкен сый болар еді.
– Әңгімеңізге рақмет!

Сұхбаттасқан Назерке ТӨЛЕН

Пікір білдіріңіз

Your email address will not be published.