Төбелескен теміржолшылар жұмыстан кетті

Тараздың теміржол вокзалының басшысы мен оның орынбасарының жұмыс орнындағы жаға жыртысы үлкен дауға ұласты. Белгілі болғандай төбелестің видеосы әлеуметтік желіге тарағаннан кейін мекеме бастығы жұмысынан босатылды.

Әлеуметтік желіге тараған төбелес қазір қызу талқыланып жатыр. Осы жағдайдан кейін «Қазақстан темір жолы» Ұлттық компаниясы қызу қанды қызметкерін жұмыстан қуған.

Видеодағы кадрда кабинеттен дәлізге шыққан бойда екі кісі алыса жөнеледі. Мұндағы қызметкерлердің айтуынша, ірі денелісі вокзал басшысы Талғат Төлебеков. Ал оған әлі жетпей астында қалған — орынбасары Мақсат Садығұлов екен. Жаға жыртысқан басшыларды қоластындағы қызметкерлер ажыратып әлекке түскен. Бірақ бірінші басшы оған көнбей, орынбасарын соңынан қуып барып тағы сабамақ болады.

Төбелестен ешкім зардап шекпегенімен, осы әрекеті үшін Төлебеков әкімшілік жауапқа тартылып, 24 мың теңге айппұл төлеген. Және бұл жағдай үлкен дауға ұласқаннан кейін қызметінен де қуылды.

Бірақ бұрынғы вокзал басшысы істі бұлай қалдырмайтынын айтады. Ол видеоны әлеуметік желіге жүктегендерді сотқа бермек. Ал орынбасарын бұйрыққа бағынбай, балағат сөздерді айтқаны үшін осылайша сабасына түсірмек болғанын жеткізді.

«Тараз қаласының вокзал ғимаратында болған оқиға 22 мамырда орын алған. Компания комиссия құрып тексеріс өткізді. Нәтижесінде, Тараз вокзалы басшысымен жұмыс шартын үзу туралы шешім қабылданды», — дейді «ҚТЖ» ҰҚ» АҚ магистралдық желі дирекциясының вокзал шаруашылығы бойынша атқарушы директоры Жұбан Көрпебаев.

inform.kz

Пікір білдіріңіз

Your email address will not be published.