Тайтөбенің ақиқаты археологтардың қолында | arainews.kz

Тайтөбенің ақиқаты археологтардың қолында

383

«Біз – ұлан-ғайыр жері мен аса бай рухани тарихы бар елміз. Әрбір халықтың, әрбір өркениеттің баршаға ортақ қасиетті жерлері болады, оны сол халықтың әрбір азаматы біледі. Бұл – рухани дәстүрдің басты негіздерінің бірі», – деп Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласында айтқандай, бағзы заманнан тарихта атауы аңызбен астасқан жәдігеріміздің бірі – Тайтөбе. Талас ауданындағы Тамабек ауылының іргесіндегі бұл төбе сырт қарағанда шағындау сияқты болғанымен, үстіне шықсаңыз алыс-жақын ауылдардың қарасы анық көрінетін, бейне бір барымташыларды бақылау үшін арнайы жасалған орын дерсің.

Жарға біткен ағаштай жалғыз тұрған осы бір жұмбақ төбе жайында ел аузында аңыз көп. Бірі бұл жерде жасырылған қыруар қазынаны күзеткен айдаһар жатыр десе, енді бір тарабы төбе астында батырдың хас жүйрік, ұрысқа жараған тұлпары көмілген деседі. Осындай ел аузында тараған аңыз-әпсәналарды жинай отырып, Тайтөбе жайында филология ғылымдарының докторы, профессор Жанғара Дәдебаев тарихи мол мағлұматтарға толы «Талас аңыздары» кітабында былай деп жазады:
«Талас өзенінің солтүстік-шығысындағы ел үшін қиын заман болыпты. Тоғыз басты айдаһар пайда болып, елдің малы мен жанына қатер туғызыпты. Айдаһар өз тамағына күн сайын отыз қойдың құйрығы мен бір қыз, бір ұл талап етеді. Ел күні-түні құдайға жалбарынып, айдаһардан құтқаруды сұрайды. Құдай елдің тілегін қабыл алып, олардың ортасынан Тай деген батырына күш дарытып, қуат береді. Тай батыр айдаһардың жатқан жеріне келіп, онымен шайқасқа түседі. Қанша күн, қанша түн өтеді, бірақ Тай батыр айдаһарды жеңе алмайды. Айдаһардың шабылған басының орнына сол сәтте қайтадан жаңа бас пайда болып, күші орнына келе береді. Тай батыр айдаһарды жеңу үшін оның тоғыз басын бір сәтте шауып түсіру керектігін ұғады. Көпке дейін мұның сәті келмейді. Елдің үлкен-кішісі түгелдей Тай батырдың тілеуін тілеп, құдайға жалбарынып тұрады. Тай батыр шаршап-шалдығып, әлсірей бастайды. Құдай елдің тілегін қабыл етіп, Тай батырдың қуатын тасытады. Осы сәтте Тай батыр алмас қылышын бар күшімен құлаштай сілтеп, айдаһардың тоғыз басын бірдей шауып түсіреді. Айдаһар сонда ғана өліп, ел қатерден құтылады. Тай батыр айдаһармен соғыста отыз жерден жараланған екен. Айдаһар өлген соң, ол да әлсіреп құлайды. Ел Тай батырды аман сақтап қала алмапты. Батырдың денесін жерге қойғанда, оған ел-жұрты бір-бір уыс топырақ салады. Содан үлкен төбе пайда болған. Кейін бұл жер Тайдың төбесі – Тайтөбе атанып кетіпті.»
Аңыз да болса ақиқатпен астасқан қай нәрсенің шындыққа жанасатыны да жасырын емес. Ауылдың кейбір көнекөз қарияларының айтуынша, Жоңғар шапқыншылығы тұсында қазақтар Тайтөбенің үстіне шығып жауды бақылаған. Сол ауылдың тұрғыны, көп жылдан бері ұстаздық қызмет еткен зейнеткер Аманжол Тымбаевтың сөзіне сүйенсек, ежелгі дәуірде бұл маңда сақтардың ордасы болыпты.
– Тарихи деректер сақтардың Қазақстанның оңтүстігін мекендегенін растайды. Тайтөбенің астында шағын қалашықтың орны болуы мүмкін. Олай дейтінім, бұл маңнан әлі күнге дейін қыш құмыралардың сынықтары, түрлі тұрмыстық жабдыққа ұқсас мүкәммалдарды кездестіруге болады. Сондай-ақ, ауыл тұрғындары төбеден кезінде қылыш, кездік, тағы басқа қару түрлерін тауып алғандықтарын бір-біріне таңдай қағыса айтып отыратын. Менің де бірлі-жарым осындай дүниелерді кездестіргенім бар. Бірақ, нақты ол бұйымдар жайында дерек жоқ, есімізде де қалмапты – дейді ұстаз.
Тайтөбе – тұнған тарих. Қасиетті топырақтан талай таланттардың түлеп ұшқаны да тегін емес, сірә. Бұл туралы бізге Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, ақын, жазушы Рафаэль Ниязбеков әңгімелеп берді.
– Тайтөбе – сыры мен шыны ашылмаған жұмбақ жер. Бағзы заманда ауылдың аумағы түгелдей су жайлаған көлдің орны болған деген аңыз бар. Шынында, Таластың шығыс баурайынан каналға дейінгі аралықтағы ауыл орнының шөбі – шұрайлы, жері – жұпар. Кейде бұл жерге төгілген жаңбыр мен қардың ауыл төңірегінен басқа жерге жаумағандығы таңдандырады. Аңызақ желі де жоқ емес. Осындайда Тайтөбенің де ауылдың бүйірінен бақылап тұрғаны тегін емес болар деп ой түйесің. Қай дүниені де жақсылыққа жорып, ерекшелігі болса, берекеге балайтын елміз ғой. Қарап тұрсам, кейінгі жастарын қоспағанда ауылдан 18 ақын-жазушы шыққан екен. Кешегі Оспанәлі Иманәлиев, Есалы Қырықбаев, Серік Томанов, Нарша Қашағанұлы сынды марғасқалар осы топырақтың перзенттері. Профессор, журналист Жанғара, Телғара Дәдебаевтар, айтыскер ақын Шорабек, Асқарбек Айдаровтарды айтуға болады. Одан бертінде қаламды серік еткен ақын, жазушы, журналистер қаншама. Сонау қазақ тарихында «Анамның тілі» деп ұлттың рухани қазынасы тіліміздің тірілуіне мол үлес қосқан дарын иесі, бірегей ақын, сықақшы Шона Смаханұлы да осы топырақта туылды. Жұрт «Шоқ тілді Шона» атап кеткен қайраткер қаламгердің өскен өлкесін бірі білсе, бірі біле бермейтіні анық. Тарпаң тұлғаның нақты туылған жері қазіргі Тамабек ауылы. Негізгі деректерде Ойық кеңшары деп келеді. Ал, шаңырағы дәл сол Тайтөбенің тұсында болған. Осы ауылда ер жетіп, әскерге барған. Бала шағынан жігіт жасына дейінгі өмірі осы киелі топырақта өрбіген, – дейді жазушы.
Иә, қазақылықтың мол қайнары сақталып қалған, аты мәлім атпал азаматтарды түлеткен Жер-Ананың киесі болар, бәлкім. Бұл ауылдың қай перзенті де әдебиетсүйер, өнерге жаны құштар. Бір қызығы, Тайтөбеге археологтар ат басын бұрып, арнайы көңіл бөлмепті.
– Ата-әжеміз Талас өзенінің бойындағы күні кешеге дейін әр жерден шоқ-шоқ болып шашылып жатқан балбал тастарды кездестіргендерін айтып отыратын. Мал жайып жүрген қазақ ауылының қарабайыр тұрғындарына сол кезде жиі ұшырасатын осынау құнды жәдігерлер аса қызық бола қоймағаны анық. Бүгінде оларды тек мұражайлардан ғана ұшырастырамыз. Бала шағымда мұндай әңгімелерді естіп, «қозы баққан қара бала мен де балбал тастың бір-екеуін тауып алсам, сосын оны киізге қаттап, ешкімге көрсетпей тығып қоюшы едім» деп сөзсіз балғын қиялдың жетегінде кететінмін. Олай армандауға себеп те жоқ емес.
Бір жолы қой бағып жүріп, Таластың жағасынан жүрекшеге ұқсайтын қып-қызыл тас тауып алғанмын. Шимайлаған, сызық-сызық адам түсінбейтін шодыр жазулары бар жұдырықтай жұмыр тасты көргенде алтын таға тапқандай қуандым. Бәрі бала күнгі естіген ертегінің әсері ғой. Қуаныш көпке созылмады. Сол күні тапқан ерекше жазуы бар әсем тасты сары майдай сақтап жүріп, ақыры жоғалтып тындым. Одан кейін де әдеттегідей дала үйінде салтанат құрып жүріп қыш ыдыстың сынығын, сүйір жүзді, сан түрлі пішіндегі бейтаныс заттарды кездестіріп тұратынмын. Кейін мұндай дүниелердің тарих қойнауынан сыр шертетіндігін біліп, ұқыптап жинап қоймағаныма өкіндім, – дейді ауыл тұрғыны Мұхтар Арыстанбек.
Ол кісінің бала күнгі ұшырастырған әлгі дүниелері сонау тас дәуірінен жеткен тұрмыс құралдары шығар. Тайтөбе болса расында ешқандай құм, не қиыршық тасқа ұқсамайды. Құдды бір кең далаға әлгі аңыздағыдай, адамдар қолдан үйген топырақ сияқты. Оның төңірегіндегі аңыз бен деректер және нақты табылған жауһарлар сақтардан қалған сарқыт па дерсің. Қалай жорыған күнде де Серік Томанов айтқандай «топырағын түртіп қалсаң өлең оқитын» осынау ақынға бай өлке Таластың баурайы, Тамабектің тұсындағы Тайтөбе талай-талай мардымды мағлұмат пен маржанды жәдігерлерге толып, тарих қойнауында тұмшаланып жатқандығы анық. Біз білетін дерек осы. Ендігі үміт – археологтарда.

Елдар БОРАНБЕК,

Талас ауданы

Пікір білдіріңіз

Your email address will not be published.