Тараздық жүргізушілер жолдың сапасыздығына шағымданды | arainews.kz

Тараздық жүргізушілер жолдың сапасыздығына шағымданды

260

Тараздық жүргізушілер ой-шұңқырдың көптігінен көліктерін жиі жөндетіп, шығындалуға мәжбүр. Шаһарда 500-дей көше болса, бүгінде ондағы жолдардың 60 процентінің әбден тозығы жеткен.

Уәлихан Исаевтың темір тұлпарды тізгіндеп жүргеніне 10 жылдай уақыт болыпты. Күнделікті қалада 55 шақырым жол жүреді. Көше жолдарының сапасыздығынан техникалық жөндеу орталығына жылына 100 мыңдай қаржысы кетеді.

Уәлихан Исаев, қала тұрғыны:

– Жолдардың сапасы өте нашар. Көлікті қайта-қайта жөндетуге мәжбүрміз. Қуаныш Сартаев, қала тұрғыны:

– Кей жерлерде құбыр қазылып, артынша оны жаппайды. Жапқанның өзінде сапасы нашар.

Өткен жылы жол белгілері мен бағдаршам бағаналарын ауыстыру үшін қаладағы 25 негізгі көшенің 99 қиылысы қазылған болатын. Бұл мақсатқа қала бюджетінен қомақты 200 миллион теңге де бөлінген. Алайда жолды қайта жауып жөндеу жұмыстары аяқсыз қалып отыр.

Әлжан Темірхан, қалалық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің бас маманы:

– Көше қиылыстарындағы пайда болған белдеулердің басты себебі, бағдаршамдарды орнату барысында оптикалық талшықты сымдар жүргізілген, сол кабельдерге зақым келмес үшін жолдардың асфальт жабындысы биіктетілген. Көктем шыға біз жолдарды қайта тегістеп, қалпына келтіреміз.

Жыл сайын жолдарды жөндеуге қалалық бюджеттен 100 миллион теңге қарастырылады. Биыл да осы мақсатқа қаржы бөлініп, көктемде жолдарды жамап-жасқау жұмыстары жүргізілмек.

 24.kz 

Пікір білдіріңіз

Your email address will not be published.