Ата Заң ардақталды | arainews.kz

Ата Заң ардақталды

238

«Баласағұн» орталық концерт залында облыс әкімі Асқар Мырзахметовтің қатысуымен  азаттығымыздың айғағы, жарқын болашағымыздың бұлжұмас бағдары Конституция күніне орай салтанатты жиын өтті. Көк Туымызды төрге шығарып, Әнұранымызды әуелете шырқатқан шарада облыс әкімінің орынбасары Ерқанат Манжуов мерекелік құттықтау  сөз сөйлеп, жиылғандарға жүрекжарды лебізін жеткізді.

— Құрметті жамбылдықтар! Қадірменді қауым!

Баршаңызды Конституция күнімен шын жүректен құттықтаймыз!

Осыдан 23 жыл бұрын «Біз, ортақ тағдыр біріктірген Қазақстан халқы» деп басталатын Ата Заңымыз — әрбір азаматтың конституциялық құқын танытатын құжат қабылданды. Онда 130-дан астам  этнос пен 17 діни конфессия өкілдері бейбіт ғұмыр кешіп жатқан бөлінбес елдің тұтастығы айқындалды.

Конституция ережелерін басшылыққа ала отырып, ұлы далада жаңа мемлекет, жаңа қоғам,  жаңа экономика құрылды. Еліміздің мемлекеттік тұғыры нығайды, басқару тетігі бір жүйеге келді. Ата заң біздің барлық саяси-экономикалық, әлеуметтік реформалардың қайнар бастауына айналды. Ол — бірлігі мен ынтымағы жарасқан елдігіміздің бұлжымас бағдары. Елбасымыз айтқандай, «Конституция – кемел келешегіміздің кепілі». Сондықтан, бұл күннің маңызы биік, мәні бөлек, мәртебесі ерекше, — деді Ерқанат Нұрбапаұлы.

Бұдан кейін, құттықтай сөз облыстық соттың азаматтық істер жөніндегі сот алқасының төрағасы Ж.Рүстембековке, М.Х.Дулати атындағы Тараз мемлекеттік университетінің «Қазақстан халқы Ассамблеясы»  кафедрасының меңгерушісі П.Мамедоваға, «Дарын» мектеп-интернатының қазақ тілі пәнінің мұғалімі Б.Дүйсенбаевқа беріліп, олар мерекелік тілектерін жеткізді.

Салтанатты жиынның соңы мерекелік концертке ұласып, күмбірлеген күй мен әуезді әннен шашу шашылды.

Пікір білдіріңіз

Your email address will not be published.