Тал түбінен табылған бала: Əкесі сотта жылап жіберді

Алматы ауданаралық мамандандырылған қылмыстық сотында тал түбінен табылған 4 жасар баланың əкесі Мұрат Асқароглыға қатысты бұлтартпау шарасы санкцияланып жатыр. Ер адам өз баласын басынан таспен ұрды деген күдікпен қамалған.

Ер адам ҚР ҚК 106-бабы бойынша қылмыстық іс жасады деген күдікпен ұсталған. Судья Марал Джарылғасова сот процесін анкеталық мəліметтерді нақтылаудан бастады. 33 жастағы Қазақстан азаматы бетон зауытында жұмыс жасайтыны белгілі болды. Ол бұрын сотталмаған екен.

Мемлекеттік айыптаушы соттан 2 айға қамауға алу туралы бұлтартпау шарасын қабылдауды сұрады.

Күдікті сот кезінде жылап жіберді. Ол істеген ісіне өкінетінін айтып, ешқайда кетпейтіні туралы қолхатпен босатуды сұрады.

Мұрат Асқароглының қорғаушысы Амангелді Сариевтің айтуынша, күдіктінің əкесі баласының психо-неврологиялық есепте тұратынын айтқан.

«Бір жағынан оның түсініктемелерін қолдаймын. Бір жағынан, күдіктінің денінің саулығы күмән келтіреді. Қалайша кішкентай баланы таспен ұрып, құлатуға болады? Жаңа ғана күдіктінің əкесімен сөйлестім. Ол баласын (Мұрат Асқароглы) Каблуков көшесіндегі психо-неврологиялық орталықта есепте тұрады деп айтты. Егер маған құжат көрсетсе, мен психологиялық экспертиза тағайындауды талап етемін. Экспертиза нәтижесі расталса, онда оны мəжбүрлеп емдеуге жібереді»,- деді адвокат Амангелді Сариев.

Айта кету керек, жантүршігерлік оқиға 16 шілде күні Алматыдағы шығыс айналма жолына жақын Брянская көшесінде болған. 4 жасар бала қан жоса болған күйінше тал түбінен табылған болатын.

inform.kz

Пікір білдіріңіз

Your email address will not be published.