Т. Рысқұлов ауданында Астананың 20 жылдығына арналған мәдениет және өнер күні өтті

Бүгінде Сарыарқа төсіндегі ару қала Астананың  туған күнін еліміз кең көлемде атап өтуде. Бұл мереке Тұрар Рысқұлов ауданының құрылғанына 80 жыл толуымен тұспа-тұс келіп, аудан жұрты қос мерекені қатар тойлап келеді. Күні кеше М.Өзбеков атындағы аудандық мәдениет үйінде өткен ауданның мәдениет және өнер күні де «Ел жүрегі – Астанаға» арналды. Жамбыл облысы әкімдігінің мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасы Облыстық халық шығармашылығы орталығының директоры, Қазақстан Республикасы Мәдениет саласының үздігі Ғ.Садырбаев бастаған қонақтарды мәдениет қызметкерлері халық әні «Дай-дай-ау» әнімен қарсы алды. Мәдениет үйінің алдына тігілген киіз үйде салт-дәстүрлеріміз дәріптелсе, жастар жағы алтыбақан теуіп, ән қанатында қалықтады. Жыршы-термеші Қ.Байсариевтің орындауындағы  «Астанаға арнау» әнінен кейін М.Төлебаев атындағы музыка мектебі күй тартыс ойнады. Ұлттық аспапты дәріптеу мақсатында домбыра пати  ұйымдастырылған бұл күні  Астана туралы әсем әндер шырқалды.

 – Бүгін қазақ елінің құтты қонысы, Тәуелсіз елдің жүрегі Астана қаласының 20 жылдық мерейтойы жалғасын табуда. Астана – халқымыздың айбыны, егемен елдің символы мен зор мақтанышына айналды. Дара саясаткер Елбасының ұлы идеясымен дүниеге келген Елорда қазақ елінің мерейін асқақтатып, сәулетімен таңқалдыруда. Көптеген саяси-экономикалық маңызды оқиғалардың орталығына айналып отырған оның ертеңгі болашағы да зор,- дейді аудан әкімінің орынбасары Б.Әлпейісов құттықтау сөзінде. Қазақстан Республикасының мәдениет қайраткері, жазушы-драматург, Жамбыл облыстық қазақ драма театрының директоры Б.Бекжанов та сөз алып, Астан күніне арналған іс-шараның жоғары деңгейде өтіп жатқанын айта келе, аудан тұрғындарын мерейлі мерекемен құттықтады.

«Асан қайғының өсиеті» атты сахналық көріністен бастау алып, Қ.Сағынтайдың «Астана»,  «Достар» триосының  «Арман қала» әндерімен жалғасын тапқан кеште ауылдық мәдениет қызметкерлерінен құрылған  «Мәдениетшілер» хоры «Жазылбекшілер маршын» орындап, концерттік бағдарламаның көрігін қыздырды. Ауданның 80 жылдығына байланысты қойылған сатиралық көрініс те  көпшіліктің  көңілінен шықты. Осылайша,  Елорда тойына орайластырылған ауданның мәдениет және өнер күні шарықтау шегіне жетіп, халыққа рухани азық, ерекше көңіл-күй сыйлады.

Пікір білдіріңіз

Your email address will not be published.