Сиыры жоқ, бірақ, сүті бар | arainews.kz

Сиыры жоқ, бірақ, сүті бар

Кәсіпкерлер пайданы көздеп, сапаны ұмыт қалдыруда

238

Облыс әкімдігі ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Берік Нығмашевтің мәліметіне сүйенсек, өңірдегі сүт және сүт өнімдерін өндіретін барлық кәсіпорындардың күндік қуаттылығы – 56 тонна. Шамамен бұл тұтынушылардың 50 пайызын ғана қамтамасыз етеді екен. Облыс әкімдігі кәсіпкерлік және индустриалды-инновациялық дамыту басқармасының басшысы Арнұр Мұхамеджанов та осы саладағы өңірлік кәсіпорындардың жүктеліміне және әлеуетіне қатысты деректер келтірді. Өз кезегінде Мәден Тоқтарбайұлы мемлекеттік сатып алуда кездесіп жатқан келеңсіздіктерді жою, осыған қатысты жұмысты жүйелеу кезек күттірмейтін мәселе екенін еске салды.
– Облыс әкімдігінің білім басқармасына қарасты «Тараз сервистік-технология колледжі» мемлекеттік сатып алуға ұсынылған сүттің 1 литріне 202 теңге белгілесе, «Шалқаров» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі оны 195 теңгеге жеткізіп беруді белгілеп, конкурстан жеңіп шыққан. Сондай-ақ, №1 Қалалық балалар ауруханасы сүттің 1 литрін 130 теңгеден белгілеп, ал оны жеке кәсіпкер «БекСтрой» 98 теңгеден ұтып алып, жеткізіп беріп жүр. Бір таңғаларлығы, сүттің 1 литрінің бастапқы бағасы шамамен 100 теңгеден кем емес. Сонда «БекСтрой» ауруханадағы балаларға қандай сүт апарып беріп жүр?! Одан бөлек, сары май өнімінің порталға қойылған бағасы 1 486 теңге болса, оны «бекстройлықтар» 610 теңгеге жеткізіп жүр. Не малы, не сүт өңдейтін цехы жоқ жеке кәсіпкердің бірі осы. Осы тектес мысалдар жетіп-артылады. Бір кәсіпкерлер сүт өнімдерінің кейбір түрін 3 есе қымбат бағада жеткізіп беріп жүрсе, келесі бір жеке кәсіпкерлер тендерге жалғыз өзі қатысса да, өнім жеткізуді бастапқы бағадан арзанға ұтып алған. Ереже бойынша онымен таласатын ешкім болмаса, өнімнің құны сол күйінде қалуы керек. Осы тектес олқылықтар тым көп. Мұны олқылық емес, былық деуге тура келіп тұр,– деді М.Мұсаев.
Жиында сөз алған «Көкжиек-2030» ЖШС басшысы Әбдіқали Бегімбетов өз өнімін шетелге экспорттайтынын, мемлекеттік қолдауға зәру еместігін айтты. Тендерге бірде-бір мәрте қатыспаса да, өнімін бюджеттік мекемелерге өткізетін кәсіпорындар арасындағы тізімде алты пайыздық үлеспен тұрғанын естіп, таңғалды. Десе де, мемлекет қолдау көрсетсе, сапалы өніммен қамтамасыз етуге дайын екенін жеткізіп, шарт бойынша сүттегі шлактың пайызы 00,1 пайыз болып көрсетілгенімен, бүгінгі сүт өнімдерінде ол 9 пайыздан асып бара жатқанын айтып дабыл қақты.
Басқосуда күн тәртібіндегі мәселе төңірегінде түрлі ұсыныстар айтылып, сан мен сапаның салмағы сараланды.

Н.Болатұлы

Пікір білдіріңіз

Your email address will not be published.