«Отар» әскери базасында «АрМИ-2018» ойындары өтуде

Өткен сәрсенбіде 40-шы «Отар» әскери базасындағы Мәтібұлақ полигонында «АрМИ-2018» әскери ойындарының Қазақстан аумағында өтетін бөлігінің шымылдығы түрілді. Биылғы жылы Ресейдің Алабино полигонында бастау алған халықаралық ойындардың еліміздегі ашылу салтанатына ҚР Қорғаныс министрі Сәкен Жасұзақов, Жамбыл облысы әкімінің бірінші орынбасары Бекболат Орынбеков, Қордай ауданының әкімі Болатбек Байтөле және шетелдік қонақтар қатысты.

Биыл төртінші рет өткізіліп отырған жарыс алдымен өнерпаздардың импровизациялық қойылымдарымен басталып, онда қазақи нақыш қосылғанын айрықша атап өтуге болады. Әскери техникалардан оқ ату, арнайы бөлім жауынгерлерінің жекпе-жек өнерлерін тамашалаған көпшілік, жақын биіктіктен су еткен «Су-27» жойғыш ұшақтарының от шашуына тәнті болды. Әскери ойындарға қатысатын әр елдің туын тікұшақтан алып түскен парашютшылар көкте қалқып, тамаша әсер қалдырды. Осыдан кейін жарысқа қатысатын әр елдің өкілдері салтанатты саппен ортаға шықты.
Биыл Армия ойындарының бағдарламасына байқаулардың жаңа түрлері енгізіліп, жыл өткен сайын сайысқа түсу процесі жетілдіріліп жатқанын байқауға болады. Армия ойындары халықаралық әскери ынтымақтастықтың, тәжірибе алмасудың жаңа нышанына, бейбітшілік пен ынтымақтастықтың кепіліне айналуда. Биылғы әскери сайыстар Әзірбайжан, Армения, Беларусь, Иран, Қазақстан, Қытай және Ресей жерлерінде болады. Ойындар аясында 28 әскери-спорттық байқаулар өтеді, қазақстандық әскерилер соның 14 түрі бойынша сынға түседі. Қазақстан аумағында «Армия – 2018» шеңберінде зеңбірекшілердің «Артиллериялық оқ ату шеберлері», әскери байланысшылардың «Сенімді айла-тәсіл» байқауы және ұшқышсыз ұшу аппараттарының «Сұңқардың аңшылығы» атты әскери сайыстар өтеді. Тамыз айының 1 мен 9 аралығында Отарда болатын жарыстарға әлемнің 12 елінен 18 команда қатысуда. Атап айтсақ, Әзірбайжан, Беларусь, Венесуэла, Зимбабве, Иран, Қытай, Қырғызстан, Ресей, Тәжікстан, Өзбекстан, Сирия және Қазақстан әскерилері.
«Бүгінде халықаралық армия ойындарын өткізудің өзіндік игі дәстүрі қалыптасты. Біздің елдердің әскери қызметшілері ойындар шеңберінде қарым-қабілетін шыңдап, кәсіби деңгейін арттыруда. Биылғы Армия ойындарына келген меймандарға шексіз ризашылығымызды жеткізіп, Армия ойындарына қатысушы командаларға тек табыстар тілеймін», – деді Қазақстан Республикасының Қорғаныс министрі Сәкен Жасұзақов жарысқа қатысушыларды құттықтау сәтінде.
Осыдан кейін аздаған дайындық шаралары өтіп, одан соң алғашқы сайыс та басталды. Жарыс жолына «Артиллериялық ату шеберлері» сайысы бойынша Қазақстан мен Тәжікстан командалары шықты. Бұл жерде командалар жорықтық кедергіден өтеді. Одан кейін пулеметпен, минометпен атады, ал үшінші сайыста қол гранатасымен, автоматпен нысананы көздейді. Егер нысанаға тигізе алмаса, онда айып алаңына жіберіледі. Ә дегенде мергендігімен және ауыр техниканы жүргізудегі шеберлігімен көзге түскен қазақстандық команда жарыс жолын сәтті өткізіп, өзінің қарсыласынан оқ бойы озық келді.
Былтыр 28 мемлекет қатысқан АрХО – 2017 сайыстарында Қазақстан Қарулы Күштерінің құрама командасы 150 команданың ішінде жалпыкомандалық есеп бойынша жүлделі үшінші орынды жеңіп алып, өз шеберліктерімен талайды тәнті еткен болатын. Биылғы жыл да біздің әскерилер үшін сәтті болатынына сенім мол. Әзірге әскерилердің аяқ алысы жаман емес.

Пікір білдіріңіз

Your email address will not be published.