Орыс драма театры Македониядан олжалы оралды

Ағымдағы жылдың мамыр айында облыстық орыс драма театрының ұжымы Македония мемлекеті Велес қаласының мэрі Аце Коцевскиден халықаралық «STOBI – 2018» театр фестиваліне қатысу туралы шақырту алған болатын.
Өнер додасында облыстық орыс драма театрының ұжымы Эдвард Радзинскийдің «Нерон және мен» атты трагедиялық фарс жанрындағы спектаклін жергілікті жұртшылық назарына ұсынды. Спектакльдің қоюшы режиссері – Қуандық Қасымов.
Он жетінші мәрте өткізілген театр фестивалін тамашалаушылар жамбылдық театрдың қойылымын жылы қабылдап, зор қошемет көрсетті. Олар облыстық орыс драма театрының актерлік ансамбліне деген ризашылықтарын да білдіріп жатты. Осынау өнер додасына қатысатын театрлар әбден сұрыпталып алынатынын ескерсек, облыстық орыс драма театрының сол сыннан сүрінбей өтуі – үлкен жетістік.
Стоби қалашығында орналасқан амфитеатрда өткен фестиваль қорытындысында облыстық орыс драма театрының актері, Сенека рөлін жоғары деңгейде сомдаған Бекназар Ізбасаров «Үздік ер адам рөлі» аталымы бойынша топ жарды. Осылайша облыстық орыс драма театрының ұжымы Македониядан олжалы оралды.

aqjolgazet.kz

Пікір білдіріңіз

Your email address will not be published.