Оқу залдарының жұмысы оң нәтиже беруде | arainews.kz

Оқу залдарының жұмысы оң нәтиже беруде

120

Тараз қаласында «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында жастардың интеллектуалдық деңгейін арттыруға баса мән берілуде. Сондықтан да олардың оқып-білім алуына, жеке ізденісіне мол ашу мәселесі күн тәртібінен түскен емес. Өз кезегінде бұл жұмыстарға кітапханалардың көп жылдық тәжірибесі кәдеге жарап келеді.

Қоғам санасына сілкініс әкелген бағдарламаның негізгі мақсаты өткенді тану, тарихты қайта жаңғырту арқылы заманауи сын-қатерлерге төтеп бере алатын бәсекеге қабілетті ұрпақ тәрбиелеу екені ешқандай талас тудырмайды. Бұл орайда Тараз қаласында Жастар жылы аясында бірқатар нысандар ашылды. Мәселен шаһардағы М. Шолохов атындағы кітапханада «Коворкинг» орталықтары ашылды. Қазан айының соңына дейін Тараз қалалық жастар ресурстық орталығының ғимаратында ұшқыр ойлы, талапты һәм зеректер мұндай нысан жастарға есігін айқара ашпақ. «Коворкинг» орталықтарымен бірге саябақтарда жазғы оқу залын ұйымдастыру тәжірибесі де тараздық жастардың көңілінен шығуда. Бұл жоба ағымдағы жылдың маусым-тамыз айларында «Арман», «Фресно», Қ.Рысқұлбеков, Т.Рысқұлов, Б. Момышұлы атындағы «Жеңіс» саябақтарында ұйымдастырылды. Бұл оқу залдарында жастар жанға сая болар саябақтың саф ауасымен тыныстап, кітап оқып қана қоймайды. «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында өткізілетін іс-шаралардың белсенді қатысушысы атанады. Өз кезегінде бұл іс-шаралар кітап, газет-журнал оқитын жастарды ынталандырып, олардың әрекеттерге көпшілікке үлгі етуге бағытталады.

Сәйкесінше саябақтардағы жазғы оқу залы жобасының аясында кітапханалардың қызметін тұтынатын жастардың саны артты. Сайып келгенде бұл шараның барлығы дерлік жаңа заман технологиялық құралдарын күнделікті өмірлерінің бөлшегіне айналдырған қала жастарының көңілін көркем әдебиетке аудару мақсатында жасалып отыр. Ал мамыр айында мектеп оқушылары арасында түндігін түрген «Кітап оқып, миллионер бол» байқауы да жасөрендердің ерекше қызығушылығын туғызды.

Пікір білдіріңіз

Your email address will not be published.