Облыстағы 27 тарихи нысан «Қазақстанның жалпыұлттық қасиетті нысандары» кітабына енді | arainews.kz

Облыстағы 27 тарихи нысан «Қазақстанның жалпыұлттық қасиетті нысандары» кітабына енді

140

Бүгін Жамбыл облысының өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында «Әулие атаның киелі жерлері» тақырыбында баспасөз брифингі өтті. Бұл туралы Жамбыл облысы әкімдігінің ресми парақшасында жарияланды, — деп хабарлайды «ARAINEWS» ақпарат агенттігі.
Жергілікті БАҚ өкілдерінің қатысуымен өткен жиында Жамбыл облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының басшысы Дүйсенәлі Бықыбаев Әулиеата жеріндегі тарихи-мәдени нысандар туралы баяндады.
«Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында Қазақстанның киелі жерлері картасының тізіміне облыстан 8 тарихи-мәдени ескерткіш, жергілікті мәндегі өңірлік қасиетті орындарының картасына Жамбыл облысынан 27 ескерткіш іріктеліп, «Қазақстанның жалпыұлттық қасиетті нысандары» және «Қазақстанның өңірлік қасиетті нысандары» кітаптарына енгізілді.
Атқарылған жұмыстарды жалғастыру мақсатында бүгінгі таңда «Рухани жаңғыру» кіші бағдарламасының «Қасиетті Қазақстан» базалық бағыты бойынша «Әулиеатаның киелі жерлерінің картасы» жобасы іске асырылуда.
Жоба аясында «Қазақстанның киелі жерлерінің географиясына» енген нысандардың фотосуреттері, сызбалары, аэрофотолары архивтік құжаттары және аңыз әңгімелері жинақталып, «Әулиеатаның киелі жерлері» атты арнайы сайт ашылып, виртуалды онлайн карта жасалмақ. Мультимедиялық өнімдер, карта және 3 тілде кітап-альбом шығарылады, ғаламтор желісіне «Сакралды картаның» 3D форматы енгізіледі.
«Қазақстанның киелі жерлерінің географиясы» тізіміне енген қасиетті нысандарға далалық-зерттеу экспедиция жұмысын жүргізді. Экспедиция барысында ғылыми материалдар негізінде ескерткіштер мен нысандардың тізімі мен архивтік материалдары жинақталды. Нысандар жайлы жергілікті тарихшы, өлкетанушылармен жұмыс жүргізіліп, сұхбат алынды. Және де тарихи-мәдени нысандардың 3Д форматтағы модельдерін дайындау жұмыстары, сонымен қатар видеороликке арналған түсірілім жасалды. «Әулиеатаның киелі жерлерінің» сайты дайындалып, сайттың аты (домен) мен ақпарат салатын жүйесі (хостинг) алынды. Сайттың алғашқы беттері дайындауда. «Әулиеатаның киелі жерлерінің» жинақ кітабына киелі болып табылатын нысандардың аңыз әңгімелері жинақталуда.
Сонымен қатар, еліміздің киелі жерлерін дәріптеу аясында «Қасиетті Қазақстан» ғылыми-зерттеу орталығының бастамасымен облысымызда «Өлкетанушылар одағын» құру жұмыстары қолға алынды. Осы одаққа мүше болған әр-бір өлкетанушы өз аудандарында орналасқан киелі деп танылған нысандарға қатысты мақалаларды баспасөз беттерінде жариялап, әлеуметтік желілерде орналасуын қамтамасыз етіп, халық ішінде рухани құндылықтардың басты негізі болып табылатын Жалпыұлттық қасиетті орындар ұғымын кең тануға мүмкіндік береді.
2018 жылғы 15 қаңтарда Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігі «Қазақстанның киелі жерлері географиясы» жобасын жүзеге асыру жөніндегі жұмысшы тобы мен сараптамалық кеңесінің кеңейтілген отырысын өткізген. Аталған форумда туған өлкенің тарихын зерттеуге үлес қосып, еңбек етіп жүрген Жамбыл өңірінен бірнеше өлкетанушылар марапатталған болатын.
Олар: Жуалы ауданы Байдалиев Даулетжан Жамалбекұлы (төс белгі), Т.Рысқұлов ауданы — Әлі Бекқұлы (төс белгі), Талас ауданы — Сәулембай Әбсадықұлы (төс белгі), Т.Рысқұлов ауданы — Сейсенбай Шәмілұлы Қожеке, Меркі ауданы — Жамбабаев Бектұрған Шайдуұлы алғыс хаттармен марапалды.
Сонымен қатар, ағымдағы жылы облысымыздың аудандары мен шалғай ауылдарындағы, сол жердің тарихы мен жер су атауларына байланысты аңыз әңгімелерді өңірлік баспасөз беттерінде жариялап, зерттеп, зерделеп жүрген азаматтардың тізімдері жинақталып, 14 өлкетанушы-тарихшыларымызды марапаттау мақсатында «Қасиетті Қазақстан» ғылыми-зерттеу орталығына ұсынып отырмыз.
Мысалы, Жуалы ауданында жергілікті атқарушы органның бюджеті есебінен Б.Момышұлының туылған жеріне қатысты – «Момыш бұлағы» аталған киелі орнында абаттандыру жұмыстары жүргізу арқылы жас ұрпақтың жаңадан отбасын құрған жастар мен халықтың келетін қасиетті орнына айналдыру. Сонымен қатар, аталған ауданда орналасқан ерте ортағасырлық Бурнооктябрьское (Барқуаб) қалашығында археологиялық ғылыми-зерттеу жұмыстары жүргізіліп, тарихымызға қатысты құнды жәдігерлер табылуда. Аталған ғылыми-зерттеу жұмыстары алдағы уақыттада жалғасын болады.
Облыс көлемінде орналасқан киелі болып танылған нысандарда қажеттілігіне қарай инфрақұрымын дамытуға бағытталған жұмыстарды дамыту көзделіп отыр.
Брифинг барысында БАҚ өкілдері басқарма басшысына көкейдегі сауалдарын жолдап, тұщымды жауаптар алды.

Пікір білдіріңіз

Your email address will not be published.