Лаоста 6 елді мекенді су шайып кетті

Лаостың Аттапы провинциясындағы су электр станциясындағы қосымша бөгеттің жарылуынан 40-тан астам адам қаза тапты, — деп хабарлайды «ARAINEWS»  ақпарат агенттігі  24.kz сайтына сілтеме жасап.

Тағы 200-ден астам тұрғын із-түзсіз жоғалып кеткен. Бұл туралы жергілікті еріктілер тобы әлеуметтік желідегі парақшасында жариялады. Бірақ төтенше жағдай кезінде опат болғандар туралы ресми мәлімдеме әлі жасалған жоқ. Бұған дейін жергілікті ақпарат агенттігі апат ауданында құтқарушылардың 28 мәйітті көргенін айтқан. Қазір апат аймағында іздестіру-құтқару жұмыстары жүріп жатыр.

Еске сала кетейік, Лаостың оңтүстігіндегі Санамсай ауданындағы бөгет дүйсенбі күні жарылған. Салдарынан 6 ауыл су астында қалып, 6 жарым мыңнан астам тұрғын баспанасынан айырылды. Бірақ бөгетті салып жатқан компания оның жарылатындығы туралы алдын ала ескерткен екен. Себебі, өңірде жауын бірнеше күн толассыз жауып, су деңгейі көтеріліп кеткен. Сондықтан жергілікті билік ол маңға жақын елді мекендерден тұрғындарды қауіпсіз жерге көшіруді жексенбі күні бастаған. Алайда апат дәл осы процесс жүріп жатқан кезде болып, көп адам опат болды.

Пікір білдіріңіз

Your email address will not be published.