«Қызыл сызыққа» пысқырмайтын мықтының бірі Меркіде жүр

немесе құрылыс нормалары мен ережесін бұзушыны кім тәртіпке шақырады?

Елімізде тұрғындардың тұрмысы түзеліп, әл-ауқаты жақсаруына байланысты тұрғын үймен қатар әлеуметтік нысандар салушылар да көбейіп келеді. Құрылыс жүргізудің белгіленген нормалары мен ережелері бар. Ол үшін әуелі арнайы мекемелерден рұқсат және келісім алу керек.
Әйтсе де арамызда тыйым салынған жерлерде, яғни «қызыл сызықтың» үстінен нысан салып, бетімен кеткен, жасаған ескертуді елемейтіндер де бар. Аудан әкімдігінің сәулет, қала құрылысы және құрылыс бөлімі мамандары аудан аумағында салынып жатқан нысандар мен кешендерге мониторинг жүргізу барысында құрылыс нормалары мен ережені бұзған, «қызыл сызық» үстіндегі нысандарды анықтаған.
Солардың бірі – Меркі ауылы Ә.Ысмайылов көшесіндегі №234 үйдің алдында жаңадан салынып жатқан нысан десек қателеспейміз. Оның құжаттары зерделенген кезде сәулет-жоспарлау тапсырмасы және эскиздік жобасы келісуден өтпегендігі белгілі болған.
Аталған нысан елді мекен­дерді жоспарлау құрылы­мындағы кварталдардың, шағын аудандардың, өзге элементтердің аумағын көшеден (жолдардан, алаңдардан) бөліп тұратын шекара сақталмай салынуда. Меркі ауданы қауіпті сейсмикалық аумақта орналасқан. Демек бұл ғимарат келешекте адамдар өміріне қатер төндіруі мүмкін әрі ауылдың сәулеттік келбетіне нұқсан келтіреді.
– Біз нысан иесіне құрылысты тоқтатуға бірнеше рет талап қойдық. Әйтсе де ол ескертуді елемей оны жалғастыруда. Аудан әкімдігінің сәулет, қала құрылысы және құрылыс бөлімі арқылы облыс әкімдігі мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылау басқармасына ағымдағы жылдың 11 және 25 маусымында хат жазып, аталған нысанда тексеру жүргізіп, шара қолдануға ұсыныс жасадық. Алайда олар жоспардан тыс тексеру жүргізу мүмкіндігі жоқ екенін хабарлады. Енді бұзушылық жасап отырған нысан иесін сотқа беруден басқа амалымыз қалмады, – дейді аудан әкімдігінің сәулет, қала құрылысы және құрылыс бөлімінің басшысы Мұрат Тоқпанбетов.
Құрылыс нормалары мен ережелерінің сақталуына қадағалау-бақылау жүргізетін мемлекеттік мекемелер осылай дәрменсіздік танытса, жоғарыдағыдай бұзушылықтарды қалай ауыздықтаймыз? Облыс әкімдігі мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылау басқармасы бұл мәселеге неге мән бермей отыр? Жоғарыдағы құрылыс нормалары мен ережесін сақтамай отырған тұлға бүгін жазаланбаса, ертең олардың қатары көбейіп кетпей ме?

aqjolgazet.kz

Пікір білдіріңіз

Your email address will not be published.