ҚР Ұлттық Олимпиадалық комитеті спорт дирекциясының директоры Жамбылда жұмыс сапарымен болды

Аймаққа жұмыс сапарымен ҚР Ұлттық Олимпиадалық комитеті спорт дирекциясының директоры Елсияр Қанағатов келіп, бірқатар спорт нысандарымен танысты.

Елсияр Қанағатовты әуелі облыс әкімінің орынбасары Ерқанат Манжуов қабылдап, өңір спортының барысымен таныстырып өтті. Мұнан соң ҚР Ұлттық Олимпиадалық комитеті спорт дирекциясының директоры Байзақ, Жамбыл, Т.Рысқұлов, Талас және Жуалы аудандарында болып, спорт мектептерінің және дене шынықтыруға арналған нысандардың жағдайын көзбен көрді.
Елсияр Баймұхамедұлы Тараз қаласындағы бірнеше спорт мектептерінде де болып, бүгінгі жағдайына қанықты.
Іссапар барысында дирекция директоры облыстық спорт мекемелерінің, қалалық және аудандық спорт бөлімдерінің басшыларымен, федерация өкілдері және олимпиадалық спорт түрлері бойынша аға жаттықтырушылармен өткен кездесуге қатысты. Жиынды облыс әкімдігі дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Нұрбол Жүнісбеков ашып, облыс спортының бүгінгі деңгейіне, болашақтағы мүмкіндігіне тоқталды. Елсияр Қанағатов сөзін Тараз қаласы және бірнеше аудандар бойынша өзі аралаған спорт нысандарының жай-күйіне тоқталудан бастады. Спорт залдарында жаттығып жатқан балалардың барлық жағдайы жасалуы керектігіне, әр бапкер нақты нәтижеге жұмыс істеуі тиіс екендігін жеткізді. Сондай-ақ, Елсияр Баймұхамедұлы батыс өңірлерде және Қызылорда облысындағы әр ауылда спорт нұсқаушысы бар екенін, олар әр баламен, ата-анамен жұмыс істейтінін сөз етті. Осы орайда, ол Жамбыл облысындағы әр ауылдан спорт нұсқаушыларының штаттық бірлігін ашу үшін, Талас ауданының тәжірибесін қолдануға кеңес берді.
Өз кезегінде ҚР Ұлттық Олимпиадалық комитеті спорт дирекциясының директорына спортшыларды жарыстарға апарған мамандарға жағдай жасау, мектеп интернаттарына спорт мекемесі мәртебесін әперуге ықпал жасау, жас жаттықтырушылардың сағат жүктемесіне қолдау білдіру төңірегінде сұрақтар қойылып, тұшымды жауаптар алынды.

Пікір білдіріңіз

Your email address will not be published.