ҚОЯН ӨСІРУДІҢ ШЕБЕРІ АТАНҒАН ҚАРИЯ

Құмарық ауылында Шәкен есімді қария тұрады. Жасы жетпістен асса да еңсесін түсірмей, солдат секілді тік жүретін ақсақалдың қазіргі қам-қарекеті көпке үлгі. Қартайса да қол қусырып қарап жүрмейді. «Карл Маркс» колхозы дүркіреп тұрған уағында шаруашылықтың әр саласында жемісті еңбек еткен Жапаралының ұлы кейінгі жылдары қой да бақты. Бүгінде білдей бизнесмен. Жасы келген қарттардың аузынан «Біз ескіліктің адамдарымыз. Заман жастардыкі» дегенді жиі естіп жүрсек те, Шәкен ақсақалға қарап, бұл сөздің мүлде қисынға келмейтінін аңғарамыз. Заман ағымына қарай тез бейімделе білетін оның ауыл шетіндегі аумағы бір гектарды құрайтын алқапқа 400 түп алма ағашын еккен кезі әлі көз алдымда. Су бармайтын қаңсып жатқан жер еді. Көпшілік ел «мұнысы несі» деп таңданысын жасыра алмаған. Бірақ оған қайғырған қарияны көрмедік. Ешекке арба жегіп, бөшкелеп су тасыды. Артынша бірнеше шақырымнан арық қазып, су жеткізді. Қазір ауыл жұрты жайқала өскен алма бағының жемісін жеп, тамсанып жүр.
Жуырда Шәкен ақсақалдың қайтарымсыз қаржы алып, қоян асырап жүргенін естідік. Қартайғанда қоян баққан қарияға халық тағы таңданды. Алайда ақсақалдың арманы асқақ екен. «Шағын бизнес ұрпақтан-ұрпаққа берілетін отбасы дәстүріне айналуы тиіс», деген Елбасы сөзін өмірлік ұстанымына айналдырып, бизнестің өңірімізде жоқ, жаңа түріне түрен салыпты. Ұлы Дарханның есімін негіз етіп «Дархан» шаруа қожалығын құрған қария: «Ерінбегеннің етікші болатыны» секілді, көзін тапсаң қандай кәсіпті де дөңгелетіп әкетуге болады», – дейді ағынан жарылып.
– Бау-бақша менің бұрын-соңды айналысқан кәсібім емес-тін. Бір гектар алқапты жасыл желекке орау маған аз машақат әкелген жоқ. Кездескен қиындықтарға қарамастан қажымауға бекіндім. Еткен еңбек көп күттірмей жемісін берді. Ең көп жеміс берген кезі 2016 жыл болды. Осы жылы 10 тонна өнім алдым. Алғашында осынша өнімді қалай сатамын деп абдырап қалған едім. Жаратқанның жол көрсетуі болар, Тараз, Қызылорда қалаларына апарып, тез саудалап жібердім. Қалған 2 тонна өнімді Өскемен қаласында өткен ауыл шаруашылығы жәрмеңкесінде пұлдап қайттым. Жәрмеңкеде бізге сонда оқитын бір топ жамбылдық студенттер кезікті. Ойланып жатпастан 45 келі алмамды солардың қолына тегін ұстатып жібердім, – деп ақтарыла сөйлеген ақсақал жаңа бизнесінің де жеміс беретініне сенімді.
Отбасылық кәсіпті қалыптастыру үшін бір ғана алма бағының жеткіліксіз екенін жете түсінген Шәкен Жапаралыұлы қоян өсіруді құп көреді. Сөйтіп алма бағының жанынан өз қаражатына ені – 10, ұзындығы 30 метрлік үлкен қора салды. Көктем шыға қоянның «фландр», «великан» тұқымдарын сатып алған қарт кәсіпкердің қорасында қазір 200-ден аса қоян бар. Қысқа қарай оның санын 1000-ға жеткізуді жоспарлап отыр. Келешекте 4000-5000-ға жеткізіп, сатпақ ниетте. Қарияның айтуынша, қоян етіне қазірдің өзінде сұраныс түсіп жатыр екен. «Алматы, Астана қалаларында келісін 1500-2000 теңгеден алады. Мейрамхана бизнесін кәсіп қылған бірнеше кәсіпкерлермен келісімге келдім. Ендігі мақсат – терісін де кәдеге жарату. Ол үшін қыркүйек айында Қытай еліне барғалы отырмын», – деген Шәкен ақсақал аспан асты елінде тері өңдеу технологияларымен танысып, керекті құрылғыларын алып қайтпақ ойда.
Қолға алған ісіне мықтап кіріскен кәсіпкер шаруашылығының қасынан үй салып, зайыбы Бүбіхан екеуі сонда көшіп барды. Көктемде алған қояндары көжектеп, көбейіп жатыр екен. Құлақтары қалқайып, өсіп қалыпты. «Ә дегенде кіп-кішкентай нәзік болады. Бір аптаның төңірегінде ғана қоянға ұқсайды» деп Бүбіхан апа көжектерді шетінен көрсете бастады. Бұл кезде Шәкен ата қояндарын жайғап, жем беруге кірісіп кеткен еді. Жылқының етін жеп, қымызын ішкен ақсақал қазаққа таңсық кәсіпті қолға алып отыр.

Мереке ЕРЖАНҰЛЫ

Басқы бет

Пікір білдіріңіз

Your email address will not be published.