Халық мініп жүрген әрбір екінші көлік елімізде құрастырылған | arainews.kz

Халық мініп жүрген әрбір екінші көлік елімізде құрастырылған

227

Бүгін Қазақстанның автокөлік саласындағы кәсіпорындар одағы 2018 жылдың  9 айындағы республика автоөндірушілерінің жұмыс нәтижесі туралы ақпарат берді.

Үстіміздегі жылдың тоғыз айының қорытындысы бойынша, Қазақстан аумағында жалпы құны 140,9 млрд теңгені құрайтын 22 709 автомобиль (жеңіл, жүк автокөліктері, автобус, арнайы автокөліктер және тіркемелерді қоса алғанда) жасап шығарылған.

«Отандық автозауыттар өткізген көлік саны жыл басынан бері 20 644-ке жетті. Бұл былтырғы жылмен салыстырғанда 58,2%-ға жоғары. Ал «ҚазАвтоӨнеркәсіп» кәсіпорындарының нарықтық үлесі өткен жылдың осы кезеңінде 36,8% болса, биыл  47,3%-ға дейін өсті. Халықтың өз елімізде шыққан автомобильдерді сатып алу үшін жұмсаған қаржысы 119,7 млрд теңгені құрды, бұл бір жыл бұрынғы көрсеткіштен 59,6%-ға жоғары. Қолданыстағы автомобильдердің әрбір екіншісі өзімізде құрастырылған», — деді «ҚазАвтоӨнеркәсіп» Қазақстанның автомобиль саласындағы кәсіпорындары одағының басқарма төрағасы Олег Алфёров.

Оның айтуынша, бүгінде елімізде жеңіл автомобиль өндірісі 82,6%-ға өсіп, 21 137-ге жетті. Сол сияқты қаңтар-қыркүйек айларының қорытындысы бойынша, автобус шығару көлемі 1,9 есе қысқарса, ал жүк автомобильдерінің өндірісі 17,2%-ға дейін төмендеген.

2018 жылдың қыркүйек айының нәтижесі бойынша қазақстандық кәсіпорындардың конвейерлерінен 3 244 автокөлік шықты. Бұл көрсеткіш 2017 жылдың нәтижесінен 2,2 есе артық. Елімізде құрастырылған автомобильдерді сату бойынша «АЗИЯ АВТО» АҚ алдыңғы қатардан көрінді. Компания 11 802 көлікті өткізген. Бұл отандық техниканың жиынтық өтімінің 57,2%-ы. Екінші орында — «СарыарқаАвтоӨнеркәсіп» ЖШС. Ол 7 866 көлікті өткізген. Бұдан әрі отандық автоөндірушілер өнімін өткізу рейтингінде «СемАЗ» ЖШС, «КАМАЗ-Инжиниринг» АҚ , «Hyundai Trans Auto» ЖШС  және «Daewoo Bus Kazakhstan» ЖШС орналасқан.

inform.kz

Пікір білдіріңіз

Your email address will not be published.