Қазақстанда зейнетақыдан бас тартқан адамдар бар

ҚР Еңбек және xалықты әлеуметтік қорғау вице-министрі Светлана Жақыпова зейнетақыдан бас тарту оқиғасы туралы айтып берді.

«Мен министрлікке келгелі бері бір рет қана ондай жағдайға тап болдым. Қазақ еліне белгілі азамат, тұлға деуге болады, зейнетақыдан бас тартты. Ол кісі 20 жыл бойы зейнетақыға өтініш бермей жүрді. «Мемлекетіме рақмет, бәріне шүкір-тәуба, осы уақытқа дейін жиып-тергенім өзіме жетеді» дейді. Ол елші болып жұмыс істеген», — деді С.Жақыпова Үкімет үйінде өткен баспасөз мәслиxатында.

Оның айтуынша, ол адам біраз уақыт өтініш жазбай жүрсе де, артынан зейнетақы алуға келіскен.

«Біз онымен сөйлестік, бәрін түсіндірдік. Негізі, заң бойынша зейнет жасына келген адам құзіретті органға барып, өтініш беруі керек. Ол кісі өтініш берген жоқ. Біз онымен жұмыс жүргіздік. Айтып түсіндіргеннен кейін өтінішін алдық. Былтырдан бастап төлемдерді бере бастадық», — деді С.Жақыпова .

Айта кетейік, бүгінгі баспасөз мәслиxатында Светлана Қабыкенқызы зейнетақы төлемдерін аудару тәртібін түсіндірді.

«Қазір әлеуметтік желілерде қарасам, «көлік пен пәтер сатудан зейнетақы жарнасын ұстайды» деп жазып жатыр. Олай емес. Ондай табыстан зейнетақы жарналары ұсталмайды. Сіздер жұмыс жасау, я болмаса, қызмет көрсету арқылы табыс тапсаңыз ғана зейнетақы жарнасы ұсталады. Қазір жұмыс берушілер ондай келісімшарттарды жасайды да, зейнетақы жарналарын төлемей жүреді» , — деді С.Жақыпова.

inform.kz

Пікір білдіріңіз

Your email address will not be published.