«Ең үлкен сыншы – болашақ»

Әкім Тарази, жазушы-драматург, Мемлекеттік сыйлықтың иегері

–  Әкім  аға, сіздің алғашқы «Құйрықты жұлдыз» атты кітабыңыз осыдан қырық сегіз жыл уақыт бұрын жарық көрген екен. Ол кезде әдеби ахуал өте басқаша еді, әрі әдебиетіміздің Ғабит Мүсірепов, Сәбит Мұқанов сияқты алыптарының көзі тірі болатын. Ол кезде жарық көрген дүниелер халықтың да, әдебиетшілердің де назарынан тыс қалмайтын. Сіздің алғашқы кітабыңызды оқырман қауым мен  әдеби орта қалай қабылдады?

–   «Құйрықты жұлдыз» – менің тұңғыш прозалық шығармам. Мен әдебиеттен бұрын киноға келген адаммын. 1962 жылы Мәскеуден оқу бітіріп келдім. 1964 жылы «Тұлпардың ізі» деген фильм шықты. Сол киноның сценарийін мен жаздым. Режиссері Мәжит Бегалин. Бұл менің алғашқы шығармам еді. Ал, прозашы ретіндегі өмірім өзің айтқандай 1966 жылдан басталады. «Құйрықты жұлдыз» мен үшін өте қымбат дүние. Бір ғажабы өткен жылдың бірнеше айын өзіме арнап осы күнге дейін жазылған бар шығармаларымды оқып шықтым. Сын  көзбен.

Мен өзім кейде әзілдеп айтамын: Әкім Тарази барда, Әкім Әшімов бар деп. Әкім Әшімов деген ешкімді аямайтын қатал сыншы да, Әкім Тарази жүрегі жұмсақ жазушы. Бар шығармаларым сол Әшімовтің көзімен оқылды. Олардың ішінде көркем шығармалармен қатар пьесаларым да, киносценарийлерім де бар. Сол «Құйрықты жұлдызға» қазір мен қанша жерден сын көзбен қарағаныммен, ол бәрібір менің барлық шығармаларымның анасы болып қала бермек. Ол шығарманы қазіргі Әкім Таразиға қысылмай оқытуға болады деп ойлаймын. Шығармаларымды халық та, әдебиетшілер де жылы қабылдады.

– Сын туралы айтып қалдыңыз. Сіздің сыншы ретінде белгілі бір тұлғаларға сын айтқан кезіңіз болды ма?

– Шынымды айтайын, мен кәсіби сыншы емеспін. Маған талай ағалар мен інілерден де ұсыныс болған. Өздерінің кітаптарына рецензия жазып беруімді өтінген кезінде. Бірақ,  мен олардың өтініштерін орындамадым. Себебі, менің қолымнан кәсіби сыншылық келмейді. «Казахстанская  правда» газеті маған бір жолы «Өзіңіз туралы қандай пікіріңіз бар?» деген сұрақ қойды. Сонда мен оларға: Жазушы есебінде өзім туралы айтпаймын, бірақ мен Ұлы сыншымын дедім. Ол жерде мен өзімді дәріптеп отырған жоқпын ғой. Сол себепті осы сөзді айтуға хақым бар шығар деп ойлаймын. Егер Әшімовтің көзімен қараған жағдайда да ешқандай шығармамды сызып тастауға дәтім шыдамас еді.

Негізі әр кітаптың өзінің оқырманы бар. Енді бір шығармаңды  біреуі ұнатса, екіншісі ұнатпауы мүмкін. Мен жас кезімде лирикалық шығармаларды көп жаздым. Оның көбісі махаббат туралы болды. Менің оқырмандарым әлі күнге дейін бар. Олардың көбісінен хат алып тұрамын. Бірақ,  кейінгі Тарази мүлде бөлек болып кетті. Адам өзіне сын көзбен қарай білуі керек деп ойлаймын. Мен өзімді ешқашан аяған емеспін. Кезінде жыртып тастаған шығармаларым да болды. Оған өкінбеймін де. Бастысы – мен өз шығармаларыма басқа бір кісінің көзімен қарай алдым.

 Мысалы, мен көлемді  роман жаздым бұрынырақта. Соны алып баспаға барғанымда, олар шығарманы қабылдай қоймады. Ішінде өндіріс тақырыбы қамтылмаған деген сылтау айтты. Баспа директоры, атын атамаймын, кертартпа кісі еді. Адам ретінде жақсы негізі. Бірақ,  әбден  партияның  заңынан қорқып қалған, өте сақ адам еді. Сөйтіп, ол бір кітабымның атын «Басынан Қаратаудың…» деп қойды. Жазушы өзінің кітабына осындай ат қоя ма?! Жоқ. Екіншісі «Кен» деп аталды. Осы романға мен амалсыздан өндіріс тақырыбын кіргіздім. Осыдан үш-төрт жыл бұрын «Кеннің» атын өзгертіп, ішіндегі кейбір тарауларды қайта қарап, кітап шығардым. Атын «Шер» деп қойдым. Басқа шығармаларыма қол тигізген емеспін. Ал, баспа директорына ешқандай  ренжіген жоқпын. Ол кезде ренжитін заман болған жоқ. Мысалы, талантты ақын Мұқағали Мақатаев қайғыдан кетті. Себебі, көзі тірісінде кітабын шығара алмады. Өлерінен екі жыл бұрын ғана бір томдығы шықты. Бірақ, оны алып тынған сол ішқұсалық еді.

–    Сіз бір кездері классикалық қазақ киносы «Қыз Жібекті» сынаған екенсіз. Оған не себеп болды? Бұл жазушының еркінен тыс нәрсе болды ма, әлде өзіндік пікіріңіз осындай ма еді?

–  Мен ол кезде «Қазақфильм» киностудиясының бас редакторы болатынмын. Менің сыным орынды болды деп ойлаймын. Кинода Төлегеннің басында үкі бар, ал жігіт адам басына үкі тақпайды. Төлеген батыр адам. Батырдың басында дулыға болады. Дулығаның басына үкі таққанды кімнен көрдің?!. Режиссері Сұлтан Қожықов Төлегеннің басына үкі тағып киноға түсірді. Ал, екінші айтқан сыным, Төлегеннің рөлі туралы еді. Төлеген – негізі батыр жігіт. Ал, Төлегеннің рөлін ойнаған Құман Тастанбеков қыз сияқты биязы еді. Кинода жігіттен ешқандай батырлық нышан байқалмады. Соны сынадым. Бірақ, сол сынымның  біреуіне    осы күні өкінбеймін. Осы күні Құман інімді көргенде барлығы да заңды сияқты болып тұрады. Оның үстіне адами қарым-қатынасымыз бар, сол менің бастапқы пікірімді өзгертіп жіберді.

Мен Киногерлер одағының он жыл бойына бірінші хатшысы болдым, басшы ретінде өте қатал едім. Ешкімді аямайтынмын. Ал, сол кездері киностудияның басшылық қызметінде болған Камал Смайыловтың мінезі жібектей еді. Ол Мәдениет министрінің бірінші орынбасары болды, кейін министр болды. Міне, сол кездері қазақтың классикалық кинолары түсірілді. Бұл шындық, мен мақтанайын деп отырған жоқпын. Кезең солай еді.

Мәжит Бегалиннің «Тұлпардың ізі» деген фильмі болды. Оның сценарийі менің дипломдық жұмысым. Жарықтық, бір сөзіме тиген жоқ. Мәжит ағамызды өте жақсы көретінмін, жек көріп кетуден қорықтым. Әлгі киноны қазірге дейін көрген сайын қызығамын. Сол киноны түсіріп біткен соң редакцияда отыр едім, Мәжит аға келді. Мені Бүлкілбай дейтін. Жарықтық, бір қолы шолақ еді ғой, сол қолымен мені қапсыра құшақтап:

 –   Әй, Бүлкілбай, жүр киноны көр,– деді. Бірге отырып көрдік. Керемет ұнаған еді. Ол киноның түсірілгеніне қырық жылдан асты, оның көркемдігі енді ашылып келе жатқан сияқты.

– Мәжит ағамыздан басқа режиссерлермен байланысыңыз қалай болды?

–    Шәкен Айманов та мені «Бүлкілбай»  деп кетті. Абдолла Қарсақбаев ылғи «Бауырым» дейтін. Ал, Сұлтан Қожықов мен қанша сынасам да, көнтерлі адам еді. Кешіре білетін. Ол кісі обкомның бірінші хатшысы туралы кино түсірді сол кезде. Мен оны да қатты сынадым. «Қыз Жібегі» өз алдына. Ренжіген жоқ, Нағыз азамат еді. Қазақ киносындағы осы төрт кісімен ерекше қатынасымыз болды. Өкінішке орай, әлі күнге дейін бұларды ешкім басып озған жоқ.

Ақан Сатаевтың «Жаужүрек мың баласы» көңілден шығады. Сол бала ғана сіресіп қалған мұзды жарды ғой деп ойлаймын. Сынайтын жерлері де бар. Бірақ,  екпінді, керемет шығарма. Сынай алмайсың. Мысалы, Лев Толстойдың «Соғыс пен бейбітшілік» деген атақты шығармасынан да кемшілік табуға болады. Бірақ, оқи келе кемшілік таппайсың. Өткенде бір телеарнадан Израильдің бір жазушысы Толстой туралы бөсіп отыр. Оның ойынша Толстойдың әлгі шығармасында қысқартатын жерлер көп екен. Егер әлгі еврейдің шығармаларын қысқартса немесе түгел жоқ қылып жіберсе де оны ешкім іздемейді, бірақ Толстой деген мәңгілік қой. Гомерді сынауға болмайды. Мәселен, халық шығармаларын қалай сынайсың. Біздегі «Қырымның қырық батырын», «Манасты» сынауға құдіретің жетпейді. Фирдоуси да сондай. Орыстың ұлы жазушысы Чеховты сынағандар көп болған кезінде. «Өзі өлмей тұрып, шығармалары өледі» деген ұшқары пікірлер айтылған. Бальзакқа екі мың алты жүз сын мақала жазылған. Олар газеттерге карикатурамен шығып тұрған. Ал енді одан бері талай уақыт өтті. Тарихта Бальзак қалды. Әлгі Бальзакты сынаған «мықтылар» қайда енді? Жоқ. Солар кезінде мықты сыншылар болып есептелген. Сондықтан сыншы деген алдымен бірдеңе жазар алдында өзі туралы ойлануы керек. Өзінің кім екенін ұмытпағаны дұрыс.

–  Сіздің «Мені екі-ақ досым сатқан жоқ. Олар Сайын Мұратбеков пен Зейнолла Серікқалиев» деген сөзіңіз бар. Бұл сөзді не үшін айттыңыз? Сізді сатқандар болды ма сонда. Өзіңіз адами достықты қалай бағалай аласыз және достықты қаншалықты сақтай алдыңыз?!.

– Мен    кейіннен осы сөзіме қатты өкіндім. Камал Смайылов екеуміз де керемет дос едік. Мен шамалы бұзықтау болдым, партия жиналысында кім болса да жақпаған әрекетін бетіне айтып тастайтынмын. Ал Камал жарқылдап жүре беретін, көп нәрсені көңіліне ала бермейтін. Ешуақытта маған қарсы сөз айтқан емес. Бір күні мен партия қатарынан шығып қалдым. Шығарып жіберді. Ол кезде Қазақстан Киногерлер одағының бірінші хатшысымын. Сол кезде Камал досым мені жақтап, партияның қаулысына қарсы шықты.

Алматыда  Фрунзе ауданы деген болды, сол аудандық партия комитетінің жиналысында Камал тағы да соларға қарсы сөйледі. Сол кезде ол бюро мүшесі еді. Өзіне қауіп төніп тұрғанын елемей, менің партия мүшелігіндегі билетімді қайтарып алып берді. Камалдың мұнысы ерлік еді, әрине.

Жазушы Амантай Сатаев деген досым болды, бірге жүрдік. Ешуақытта сатқан емес. Адал жігіт еді. Бірақ, арамызға бір достарым сөз тастап, Амантайдың көңілін менен қалдырды. Олар үшін мен Амантай туралы айтпағанды айтыппын, істемегенді істеппін. Амантай досым маған сол үшін өкпелеп, он жыл менімен қатыспай қойды. Бірақ, дүниеден өтеріне екі ай қалғанда екеуміз қайта татуластық. Сол ғана – көңілге медеу.

– Кез  келген қаламгер кемеліне келген шағында Мемлекеттік сыйлыққа түседі. Атақта тұрған ештеңе жоқ болуы да мүмкін. Бірақ,   сыйлықтың өзі адамдар арасына от тастайды кейде. Сіз екі рет Мемлекеттік сыйлыққа түсіп, соңынан екі ағаңызға жол берген екенсіз. Сол ағалар кімдер еді, сол туралы айтыңызшы…

– Үш рет бас тарттым сыйлықтан. Мұхтар Әуезовтің шығармасының желісімен       «Қараш — қараш оқиғасы» деген кино түсірілді.   Сценарийін мен жазғанмын. Сол жылы әртіс Сүйменқұл   Чоқморовты, оператор Қыдыралиев деген жігітті, мені Киностудия Мемлекеттік сыйлыққа ұсынды. Сонда мен өзімді әлгі тізімнен сызып тастадым. Лайық емеспін деп ойладым. Кейіннен білдім, мен екі жігіттің обалына қалыппын. Авторы болмаған жерде фильмге сыйлық берілмейді екен. Сосын екі рет өз еркіммен бас тартып, ағаларға жол бердім. Ол кезде мен Жазушылар одағының хатшысы едім, алуыма болатын еді. Бірақ, белгілі ағалар менен сұранған соң, сөздерін аттап кете алмадым. Атақты ақындар, бірақ аттарын айта алмаймын. Ұят болады.   Есесіне екі рет құлатты. Бірақ, сол маған жақсы болды. Егер ертерек алсам, жынданып кетуім де мүмкін еді. Сөйтіп, алпыс тоғыз жасымызда  мемлекеттік сыйлықты алғанбыз. Ештеңеден құр қалған жоқпыз.

– Сайын Мұратбеков досыңыз қайтыс болғанда сіздің ерекше толқыныста болғаныңызды білеміз. Бұл – бір аяулы достықтың белгісі еді. Қазіргі жазушылардың арасындағы достыққа, адалдыққа деген көзқарасыңыз қандай?

–  Біздің заманды да «Қой  үстіне бозторғай жұмыртқалаған заман» деп айтуға болмайды. Біріншіден, біз жазушымыз. Ал, әдебиет ұлан-асыр бәйге. Шығармаң – сол бәйгеге қосқан атың. Кім болса да атының бәйгеден келгенін қалайды. Жазушылар арасындағы дүрдараздық осындайдан басталады. Оның болатыны заңды да. Бірақ, адамшылықтың шеңберінен шықпау керек. Ешкім Құлагер де, Батыраш та болмаса дейсің. Сатқындық деген де болмауы керек. Біз әдебиетке ақыны бар, жазушысы бар, сыншысы бар, отыз шақты адам қатар келдік. Бірге еңбек еттік. Алпысыншы жылдардың ортасына дейін барлығымыз өте тату достар болдық. Сайын Мұратбековтің ауылына топырлап барған кездеріміз болған. Біздің ауылда да болғанбыз. Қалихан Ысқақовтың ауылындағы кездеріміз естен кетпейді. Бірақ, кейіннен біздер бөлініп кеттік. Оған кінәлі біз емес едік, ағалар болатын. Себебі, барлығымызды солар бөліп әкетті. Абырой болғанда менде ондай атақты аға болған жоқ. Сондықтан, ондай сәттерден аман қалдым.

–  Бір кездері қазақ газеттерінің қоғамдық беделі өте жоғары болды. «Лениншіл жас» газеті мен «Жұлдыз» журналы әр қазақтың үйінен табылатын. Шерхан Мұртаза, Сейдахмет Бердіқұлов секілді бас редакторлардың, Оралхан Бөкеев сияқты сол кездегі газет қызметкерлерінің аттары аңызға айналды. Сіз қазір қазақ газеттерін оқымайды екенсіз. Қазіргі баспасөз көңіліңізден шықпай ма әлде олардың қоғамдық беделі төмен ба?

–   Менің редакторларда шаруам жоқ. Бірақ, мен қазақ газеттерін оқымаймын. Ол рас. Ресейдің екі газетін ғана аламын. «Литературная газета» мен «Новая газета». Литгазеттен әдебиеттің бүгінгі ағымдарын қадағалап отырамын, бірақ, ол да жетістіріп жатқан жоқ. Ал, «Новая газета» мықты басылым. Журналистері ешқашан дәлелсіз пікір айтпайды. Сынағанда да мәдениетті әрі әділ сынайды. Ал, қазақтар біреуді сынаса оның жеке басына, бабасы мен балаларына тиісіп кетеді. Ешуақытта жеке басқа тиісуге болмайды. Ол сауатты адамның тірлігі емес. Үйге газеттер көп келеді, бірақ біреуінің жазғаны екіншісінде де жүреді. Басқаларынан да кездестіресің. Сондықтан оларды қабылдай алмаймын.

– Сіздердің заманда жастардың көпшілігі Мәскеуде оқыды. Олардың ішінде сіз де барсыз. Ал, қазіргі «Болашақ»   мемлекеттік бағдарламасы екеуін байланыстыра аласыз ба? Олардың білім деңгейін қалай бағалайсыз…

– Менің Мәскеуден алған білімім жүз пайыз болды. Біз таза білім алдық. Қалихан Ысқақов, Сайын Мұратбеков, Ақан Нұрманов, Бек Тоғысбаевтар да оқыды ол кездерде. Біздер күн сайын екі фильмнен көретінбіз. Сол кездегі СССР Мәдениет министрі Екатерина Фурцова деген кісі болды. Өте жақсы адам еді. Әдебиетке, мәдениетке деген ықыласы    ерекше-тұғын. Сол   кісі Орталық Комитеттен қаулы алдырыпты. Совет Одағын ұнатпайтын, бірақ шеберлігі өте жоғары режиссерлердің  фильмін жастарға көрсетуге рұқсат сұраған. Әйтпесе, жастардың көзі дүниеге ашылмай  қалады деген пікірде болған. Сол  кісінің арқасында біз дүниедегі ең мықты деген кинолардың барлығын көріп шықтық. Совет өкіметіне қарсы киноларды көріп, дүниеге көзіміз ашылды.

Бұл жағдай Хрущевтің тұсында болды. Мысалы, Мәскеуден Қазақстанға Хрущев билеген алғашқы бес жылда қазақша хат жіберуге рұқсат етілді. Мәскеуге Мұқағали   Мақатаев поэзиядан көш бастап келсе, прозадан көш бастап Шерхан Мұртаза келді. Өкініштісі Жайсаңбек Молдағалиев, Ақан Нұрмановтардың аттары аталмайды қазір. Олар да оқыды Мәскеуде. Оларды білмеу жастардың кемшілігі деп есептеймін. Мен бізден кейінгі жастарға көп сын айтқым   келмейді. Ағаның көзімен сын айтқан өте ауыр. Ең үлкен сыншы – Болашақ. Барлығын сол көрсетеді.

– Сіз үшін ең үлкен мәселе қандай? Қандай мәселелер төңірегінде ой толғайсыз?

– Мәскеуде оқып жүргенімде орыстың ұлы жазушысы М.Горькийдің «Разрешение личности» деген мақаласын оқып қатты таңғалдым.  Адам өзінің тұлғалық қасиетін сақтап қалу керек. Осы мәселе маған үлкен ой салады.

– Әңгімеңізге рахмет.

Пікір білдіріңіз

Your email address will not be published.