Емханалар ескеретін мәселе көп

«Нұр Отан» партиясының «Кедергісіз келешек» партиялық жобасын іске асыру бойынша құрылған жұмысшы топ облыс орта­лы­ғындағы бірқатар әлеу­меттік нысандарды аралап, мүмкіндігі шектеулі жандарға қаншалықты қолайлы жағдай жасалғанын зерделеді. 
Тексеріс тобы әуелі Абай атындағы Жамбыл гумани­тарлық колледжiне бас сұқты. Тараздағы іргелі арнаулы орта оқу орындарының бірі саналатын колледжде мүмкін­дігі шектеулі жандар үшін барлық жағдай жасалған екен. Ондағы орналасқан пандустар, тактильді жолақтар мен арнайы белгілер талапқа сай салынған. Сондай-ақ, оқу орнының басшылығы мүгедек жандарға ыңғайластырылған жуынатын бөлме мен дәретхана да жасақтап қойған.
Жасыратыны жоқ, мүмкін­дігі шектеулі жандардың көп жүгінетін жерлерінің бірі – емха­на­лар. Алайда, мұнда олар үшін қолайлы жағдай жасалған дей алмаймыз. Мәселен, №1 қалалық емхана көзі нашар көретіндер үшін тактильді жолақты мүлде ұмыт қалдырған. Сонымен бірге, брайн тақтасы да назарға алынбаған. Арбаға таңылған азаматтар үшін пандус маңындағы қоңырау атымен де, затымен де жоқ. Тексеріс тобының өкілдері осы секілді кемшіліктерді емхана басшылығына ескертіп, ретке келтіруді тапсырды. Ал, №9 қалалық емханада орналасқан пандус мүлде талапқа сай келмейді. Оның биіктігі арбаға таңылған жандар үшін өте қолайсыз екендігі бірден көзге ұрып тұр. Бұдан өзге де бірқатар арнайы белгілер орналастырылмаған. Мұндай олқылықтардың се­бе­бін емхана басшылығы ны­санға жөндеу жұмыстарын жүргізген мердігердің сапасыз құрылысымен түсіндірді.
Тараз қалалық №3 емхана­сы мен облыстық диаг­нос­тикалық орталық орналасқан ғимараттарда да мүмкіндігі шектеулі жандардың жағдайы ескерілмеген. Аталған нысан­дарға тек пандус пен ішкі дәрет­хана ғана қойылған. Оның өзі толықтай талаптарға жауап бермейді. Тағы бір айта кететіндігі, ғимаратқа кіреберіс жерде мүгедектердің көлігіне арналған тұрақ жоқ. Ондай тұрақ нысанның артында орналасқан. Осындай қолайсыздықтан, емханаға кіру үшін мүмкіндігі шектелген азаматтарға бірқатар кедергілерді еңсеруге тура келіп отыр.
Партия тарапынан құрылған жұмысшы топ өкілдері мұнан соң Ниетқалиев көшесінде орналасқан «Халық банкі», қалалық перинаталдық орталық пен мәдениет үйіне де ат басын бұрып, жағдаймен танысты. Мұнда да орын алған бірқатар кемшіліктер хаттамаға тіркеліп, мекеме басшыларына сәйкестендіру туралы тапсырмалар берілді.

Шынболат СЕЙДУАЛИЕВ

Пікір білдіріңіз

Your email address will not be published.