Елордамыздан бастау алған көрме Қостанайда

Елордамыз Астана қаласының 20 жылдық мерейтойына орай 2018 жылдың 24 шілдесі мен 28-ші шілдесі аралығында «Ежелгі Тараз ескерткіштері» тарихи-мәдени қорық-музейінің «Ежелгі Тараздың қазыналары» атты археологиялық экспонаттардан құралған көрмесі Қостанай облыстық тарихи-өлкетану музейінде ұйымдастырылуда, –деп хабарлайды «ARAINEWS» ақпарат агенттігі.
Қорық-музей 2018 жылы Қазақстан Республикасының елордасы — Астана қаласының 20 жылдығы мен Мемлекеттік «Ежелгі Тараз ескерткіштері» тарихи-мәдени қорық-музейінің құрылғанына 20 жыл толуына орай және Елбасымыз Н.Ә.Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласын негізге ала отырып, еліміздің Астана қаласынан бастау алған болатын. Жылжымалы көрмеміз бүгін Қостанай қаласында жалғасын тауып, салтанатты түрде ашылды. Астана қаласының 20 жылдығына арналған жылжымалы көрме енді Петропавл, Павлодар, Көкшетау қалаларында да ұйымдастырылады деп жоспарлануда.
Көрменің басты мақсаты 2000 жылдан астам тарихы бар Ежелгі Тараз қалашығынан табылған баға жетпес құнды жәдігерлерді еліміздің тұрғындарына тамашалату. Осындай археологиялық қазба зерттеулерінің арқасында Тараз қаласынан үш мыңнан аса тарихи мәні жоғары құнды жәдігерлер табылды. Жылжымалы көрмемізден осы мұраларымыздың ішінен біз үшін өте маңызды жәдігерлердің 266 түрін көрме қонақтары тамашалай алады. Олардың ішінде: Түргештер заманында соғылған күміс, қола теңгелер, Қытай мен сауда-саттық барысында келген қытайлық теңгелер мен бұйымдар, Қарлұқ қағанатының әшекей бұйымдары мен тұрмыстық заттары, Қарахандар дәуірінің мәдениетінен сыр шертетін күміс пен қоладан жасалған бақыр теңгелер, бүтіндей көмбе күйінде табылған әйел адамның алтын, күміс әшекейлері: білезіктер, сырғалар, моншақтар және сұйықтық сақтауға арналған сынапкөздер, қоладан құйылған шырағдандар және Үйсін дәуіріне жататын қола айна мен шаш түйрегіш бар. Бұлардың барлығы да біздің мәдениетіміздің өте жоғары дәрежеде дамығанын көрсетіп берді.

 

Пікір білдіріңіз

Your email address will not be published.