ДЭФ рейтингінде Қазақстан қандай елдерді басып озды

51

Дүниежүзілік экономикалық форумның Жаһандық бәсекелестік рейтингінде Қазақстан 61,8 бал жинап, Колумбия, Түркия, Бруней, Перу елдерінің алдына шыққан. Бұл туралы Үкіметте өткен баспасөз мәслихатында Ұлттық экономика министрі Тимур Сүлейменов мәлім етті.

«Екінші жыл қатарынан, алғашқы төрттіктегі елдер сол қалпы қалды. Олар: АҚШ, Сингапур, Германия және Швейцария», — дейді министр. Тимур Сүлейменов хабардар еткендей, ТМД елдерінің арасында Ресей көшбасшы (43 орын, +2). Одан кейінгі орындарда Қазақстан (59 орын, өзгеріссіз), Грузия (66 орын, +1), Әзербайжан (69-орын, -4), Армения (70 орын, +2), Украина (83 орын, +6), Қырғыз Республикасы (97 орын, +3) және Тәжікстан (103 орын, -5) орналасқан.

«Қазақстан 2017 жылмен салыстырғандағы өз жайғасымын 0,7 балға жақсарта отырып, 61,8 балл жинақтады. Бұл оған Колумбия (60), Түркия (61), Бруней (62) және Перу (63) тәрізді елдерді басып озуға мүмкіндік берді», — дейді ол.

Тұтас алғанда, Дүниежүзілік экономикалық форум Қазақстанды «Еңбек нарығы» — 30 орын және «Бизнестің қарқындылығы» — 37 орын секілді факторлар бойынша бәсекелестік артықшылыққа ие деп белгілеген. Ал «Нарық көлемі» (45), «Білім және дағдылар» (57), «Тауарлар нарығы» (57), «Институттар» (61), «Макроэкономикалық тұрақтылық» (62) және «Инфрақұрылым» (69) факторлары бойынша Қазақстанның көрсеткіші орташа деңгейде бағаланған. Сонымен қатар, «Қаржылық жүйе» (100), «Денсаулық» (97) және «Инновациялық әлеует» (87) ДЭФ рейтингінде Қазақстанның факторлары әлсіз болып отыр.

Еске сала кетсек, Дүниежүзілік экономикалық форумның Жаһандық бәсекелестік рейтингінде Қазақстан екі көрсеткіш бойынша бірінші орыннан көрінгенін кеше хабарлаған едік.

Ал бүгін Үкіметтегі баспасөз мәслихатында Ұлттық экономика министрі Тимур Сүлейменов Дүниежүзілік экономикалық форум рейтингіндегі Қазақстанның көрсеткіштерін жақсарту үшін Үкімет қандай амалдар қарастырып жатқанын айтып берген еді.

inform.kz

Пікір білдіріңіз

Your email address will not be published.