Чемпиондар лигасы: «Астана» хорватиялық «Динамодан» басым түсе ала ма?

Бүгін, 7 тамызда елордалық «Астана» футболдан Чемпиондар лигасы үшінші іріктеу кезеңіндегі алғашқы ойынын өткізеді. Олар өз алаңында Хорватия астанасы — Загреб қаласының «Динамо» командасын қабылдайды.

«Астана» бұған дейін бірінші іріктеу кезеңінде Черногорияның «Сутьеска» клубын орта жолда (1:0, 2:0) қалдырды. Одан кейінгі екінші іріктеу кезеңінде Данияның «Мидтьюлланд» клубын (2:1, 0:0) тізе бүктірді. Ендігі кезекте — «Динамо» командасы тұр. Елордалық клуб олардан айласын асыра алса, плей-офф кезеңіне жолдама алады. Плей-офф сатысында оза шапса, Чемпиондар лигасының топтық кезеңіне шығады. Ол жарыс сатысында қарсыласына есе жіберіп алған жағдайдың өзінде Еуропа лигасының топтық кезеңінде бақ сынайды.

«Динамо» командасы 1945 жылы құрылған. Загреб қаласындағы «Граджянски», «Конкордия» және ХАШК клубтарының бірігуі нәтижесінде тұсауын кесті. Команда 1945-1991 жылдар аралығында бүгінгі атауымен ойын көрсетсе, 1991-1993 жылдарда «ХАШК Граджански» атауымен жасыл алаңға шықты. Ал олар 1993-2000 жылдарда «Кроациа» атауымен сынға түсіп, одан бергі жылдарда бұрынғы атауына қайта оралды.

«Динамо» өз еліндегі біріншіліктің 23 дүркін чемпионы болған. Бұл — Хорватия командалары арасындағы рекордтық көрсеткіш. Сондай-ақ, Кубок ойындарында 21 мәрте жеңіс тұғырына көтерілді. 1967 жылы қазіргі Еуропа лигасының, ол кездегі Жәрмеңке кубогында жеңімпаз атанды.

Аталмыш команда биылғы Чемпиондар лигасын екінші іріктеу кезеңінен бастады. Өз алаңында «Хапоэль Беэр-Шева» командасын 5:0 есебімен ойсырата жеңіп, одан кейін олармен сырт алаңда 2:2 есебімен тең ойнады. Қос ойын нәтижесімен «Динамо» жарыстың келесі сатысына жолдама алды. Жалпы, хорватиялық клуб Чемпиондар лигасына биыл 17 мәрте қатысып отыр. Оның ішінде 6 мәрте топтық кезеңде сынға түсті. Ал соңғы 7 жылда 4 мәрте осы кезеңге шыққан екен. Осының өзі көп жайды аңғартады.

«Динамо» былтыр да Чемпиондар лигасы топтық кезеңінде бақ сынап, онда Италияның «Ювентус», Испанияның «Севилья» және Францияның «Лион» секілді командаларына қарсылас атанды. Олардан барлық ойында жеңіліп, бірде-бір гол соға алған жоқ.  «Динамо» командасы құрамында футболдан биылғы әлем біріншілігіне өз елінің құрамасы сапында қатысқан бір ойыншы бар. Атап айтқанда, Доминик Ливакович құрамасының толағай табысқа қол жеткізуіне сүбелі үлес қосты.

«Астана» мен «Динамо» арасындағы кездесу бүгін 19.50-де басталады. Бұл ойынды «Qazsport» телеарнасы тікелей эфирде көрсетеді.  Сондай-ақ, 9 тамызда Алматының «Қайраты» сырт алаңда Чехияның «Сигма» клубымен кездеседі. Ол ойын Астана уақытымен 22.50-де басталады.

inform.kz

Пікір білдіріңіз

Your email address will not be published.