Чемпиондар лигасы: «Астана» үшінші іріктеу кезеңіне шықты

Елордалық «Астана» бүгін Данияда «Мидтьюлланд» командасымен футболдан Чемпиондар лигасы екінші іріктеу кезеңі қарымта ойынын өткізіп, 0:0 есебімен тең түсті. Қос ойынның қорытындысымен «Астана» жарысты жалғастыруға мүмкіндік алды, – деп хабарлайды «ARAINEWS» ақпарат агенттігі inform.kz сайтына сілтеме жасап.

«Астананың» бас бапкері Роман Григорчук бұл кездесуге тастүйін дайындалған секілді. Жарыстың келесі сатысына шығуға ниет танытып отыр. Солай болатын жөні бар. «Астана» өз алаңындағы аталмыш командамен кездесуде 2:1 есебімен жеңіске  жетті. Бұл — алаңдатарлық есеп. Қарымта ойында қарсыластар 1:0 есебімен жеңіcке жетсе, «Астана» жарыстың келесі сатысына берілетін жолдамадан тыс қалатын.

 Елордалық клуб тізгінін ұстағанына көп уақыт өте қоймаса да оның алдына үлкен міндет қойылып отыр. Бұған дейін болгар маманы Станимир Стоилов «Астананы» төрт мәрте чемпиондық атаққа қол жеткізді. Одан қалды үш жыл қатарынан еурокубок ойындарының топтық сатысына алып шықты. Сол үрдісті биыл жаңа бапкер жалғастыра ала ма? Команда кем дегенде Чемпиондар лигасының плей-офф сатысына жетіп жығылса, Еуропа лигасының топтық кезеңіне жолдаманы қалтаға басады. Егер Чемпиондар лигасының топтық кезеңіне жолдама алып жатса, ол да өзіне үлкен абырой.

 «Мидтьюлланд» өз алаңында ойнады дегенмен біздің командаға ойнауға мүмкіндік беріп жатты. Бірінші кезеңде «Астана» қарсыластар қақпасына доп та соққан еді. Былтыр елордалық клубты өрге сүйреген Джуниор Кабананга Сауд Арабиясына барып келген аздаған үзілістен кейін команданың негізгі құрамына қайта оралды. Голдың авторы да осы африкалық футболшы еді. Бұл ойынның 19-минуты болатын. Сол сәтте «дат қақпашысымен бетпе-бет келген ол қақпаға доп бағыттады. Тепкен доп қақпа сызығынан өтіп кеткені көрініп тұрды. Дегенмен оны испаниялық бас төреші Хуан Мунуэра есептеген жоқ. Ойын одан әрі жалғасып жүре берді. Ал 24-минутта да Ласло Кляйнхайслердің де осындай мүмкіндігі болған еді. Одан кейінгі минуттарда алаң иелерінің аздап басымдығы байқалып тұрды. «Астана» негізінен қорғанысқа көңіл бөліп жатты. Ойын негізінен алаң ортасында өрбіген сәттер де болды. Бірінші кезең осындай көріністе өрбіп жатты.

Бұл жұптан жеңімпаз болған команда жарыстың үшінші іріктеу кезеңінде Хорватияның «Динамо» (Загреб) командасымен қарсылас атанады. Бұл ойындар 7 және 14 тамыз күндері болады.

Ал 2 тамызда Еуропа лигасы екінші іріктеу кезеңіні қарымта ойынында Алматының «Қайраты» сырт алаңда Голландияның «АЗ Алкмаар» командасымен шеберлік байқасады. Алматыда болған алғашқы кездесуде 2:0 есебімен «Қайрат» жеңді.

Аталмыш жарыста сынға түскен Қостанайдың «Тобылы» 31 шілдеде Еуропа лигасы екінші іріктеу кезеңінде сырт алаңда Арменияның «Пюнигінен» 1:2 есебімен жеңілді. Қостанайда «Тобыл» оларды 2:1 есебімен жеңген еді. Осыған қарамастан қос ойын нәтижесімен олар қарсыласына жол берді.

Еуропа лигасында биыл Қазақстаннан Павлодардың «Ертісі» де қатысып, жарыстың алғашқы кезеңінде Литваның «Тракай» клубына (0:1, 0:0) жол беріп қойды.

 

 

Пікір білдіріңіз

Your email address will not be published.