Бірлік биікке бастайды | arainews.kz

Бірлік биікке бастайды

180

Елбасысымыз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың «Қазақстандықтардың әл-ауқатының өсуі: табыс пен тұрмыс сапасын арттыру» атты биылғы қазан айындағы жаңа Жолдауында  айқындалған мақсат-міндеттердің маңызы зор. Жалпы, халықтың әл-ауқатын көтеру, тұрмыс сапасын жақсарту мақсатындағы міндеттерді жүзеге асыру арқау етілген осы маңызды құжаттың жыл басында емес, қазан айында жария етілуі тегін емес. Себебі, Жолдау жүктеген міндеттерді жүзеге асыру асқан жауапкершілікті, мұқият әзірлікті талап етеді.

Ұлт Көшбасшысы жаңа Жолдауында да  Қазақстан азаматтарының тұрмыс-ахуалын арттыруға айрықша басымдық беріп  отыр. Расында да, Мемлекет басшысы айтқандай, тәуелсіздіктің аз ғана мерзімінде біз заман сындарына жауап беретін экономикасы өркенді дамып келе жатқан прогрессивті мемлекет құра білдік. Соның арқасыннда қоғамдық келісім мен бейбітшілік толық қамтамасыз етіліп, қазақстандықтардың өмір сүруіне қолайлы конституциялық және саяси реформалар жүзеге асырылды. Мәдениет, руханият, өнер, тарихи құндылықтар ұлықталып, көптеген жаңа өзгерістер жасау арқылы осы күнге қол жеткіздік. Еліміздің әлемдік қауымдастық алдында беделі артып, халықаралық тұрғыда шиеленіскен мәселелерді шешуде аузы айды білеген мемлекеттердің сеніміне ие болды. Осындай жетістіктер рухани тұрғыдан жаңғыруға бағыт түзеп, «Мәңгілік ел» идеясынан қуат алып үлгерген еліміздің зор табысы деуге болады. Оған Президентіміздің Жолдауда: «Қазақстан Біріккен Ұлттар Ұйымының Қауіпсіздік Кеңесіндегі миссиясын абыроймен аяқтап келеді. Сирия жөніндегі Астана процесі бейбіт жолмен реттеу және осы елдің дағдарыстан шығуы жөнінде тиімді жұмыс жүргізіп жатқан бірден-бір келіссөздер форматына айналды. Сонымен қатар, қазіргі күрделі жағдайда Қазақстан Республикасының сыртқы саясаты бейімделуді және ұлттық мүддені прагматизм қағидаттарына сәйкес ілгерілетуді талап етеді…Барлық кезеңде де табысқа деген нық сенім мен халықтың бірлігі ғана ел тағдырын шешкен. Бірлескен күш-жігеріміздің арқасында ғана біз ұлы асуларды бағындыра аламыз» деуі нақты дәлел бола алады.

Байыптап қарасақ, Елбасымыз әрбір қазақстандықты елімізде жүріп жатқан өзгерістерге белсенді түрде қатысуға, бәрімізге ортақ идеялардың төңірегіне топтасуға шақырып отыр. Өйткені, әлем біз ойлағаннан да ерекше қарқынмен дамуда. Күн сайын сан түрлі жаңалықтармен қауышып, әрқилы  өзгерістердің куәсі болудамыз. Жаһандық қауіпсіздік жүйесі де күн сайын құбылуда. Сондықтан, қанша жерден біз бейбіт өмір кешіп отырмыз деген күннің өзінде, ел болашағы үшін өзімізге аса сақтықпен қарап, іргеміздің бүтіндігін, бірлігіміздің бекемдігін ойлауды ешқашан санадан шығармауымыз кқажет. Түптеп келгенде бұл ойда -жоқта пайда болатын жаңа қауіптер мен сынақтарға қол қусырып қарап отырмай, дер кезінде төтеп беруге дайын мемлекет екенімізді дәлелдейтін қабілетке ие болуды талап етіп отыр. Оның бір ғана жолы бар. Ол –ел бірлігі. Өйткені, ел бірлігінің беки түсуі халықтың тұрмыс-тіршілігінің жоғары деңгейде болуымен тығыз байланысты. Сол үшін де Елбасымыз мемлекеттің табыстылығы мен адами капиталдың сапасын жақсартуға — қазақстандықтардың тұрмыс деңгейі мен әл-ауқатын көтеру арқылы қол жеткізе алатынымызды меңзеп, ендігі күшті осыған бағыттап отыр. Жолдауда «Тұрғындар табысының өсіміне» баса назар аударылуы сондықтан.

Жолдауда атап көрсетілген халықтың өмір сүру сапасын жоғарылатудың мәні тым тереңде. Ашығын айтқанда, халықтың әл-ауқатын арттыруға арналған басым бағыттың ішіне білім, денсаулық, тұрғын үй және жайлы да қауіпсіз жағдайда өмір сүру сапасының жақсарту міндеті бекерге еніп отырған жоқ. Алдағы бес жылда білім, ғылым және денсаулық сақтау салаларына бөлінетін қаржы ішкі жалпы өнімнің 10 пайызын құрайтыны да айтылды. Бұл міндет жүзеге асқан жағдайда Қазақстан аталмыш саланы қаржыландыру тұрғысында әлемдегі көшбасшы елдердің қатарынан көрінетініне сенім мол.

Тағы бір айта кетер жайт, Президентіміз мемлекеттік саясаттың басты басымдығының бірі жастар мәселесі  екенін алға тартып, келер жылдың «Жастар жылы» болып жарияланатынын баса айтты. Негізінен, жастарға келгенде біздің қоғамдағы шешімін күткен мәселелердің көп екені рас. Десе де алдағы жылдан күтер үміт мол. Себебі, адами капиталды қалыптастыру оған өлшеусіз үлес қосып жүрген аға буыннан бөлек, кейінгі толқынның да қарым-қабілеті мен пайым-парасатына, мемлекет тарапынан оларға жасалған қолдауларға да тікелей байланысты. Мемлекет басшысының «Педагог мәртебесі туралы» заң қабылдау жайлы шешімі де шындап келгенде адами капиталды жақсартудың қамы. Бұл  ұстаздарға деген көзқарасты түбегейлі өзгертуге, педагогтарға деген сый-құрметтің қайта жандануына оң септігін тигізетіні  анық.

Біз жоғары оқу орындарындағы кәсіби кадрлардың сапасына да баса мән берілмек. Бүгінгідей инновация, өндіріс, жаңа технология, кәсіпкерлік, шағын және орта бизнес секілді салалардың өзектілігі артып отырған заманда уақыт талабына лайықты мамандар дайындау- басты міндет. Осы тұрғыдан алып қарағанда жастардың жаңа тұрпатта, нарық сұранысына сай мамандық игеруде бағы жанбақ. Осы арқылы біз халықтың әл-ауқатының жақсаруына, экономикамыздың қарышты дамуына, қоғамды ілгерілетуге, ішкі-сыртқы саяси тұрақтылықтың берік орнығуына қол жеткізе аламыз. Ұғынған адам үшін бұл Жолдау Қазақ елін игілікке бастайтын келелі жоспар. Ал, онда атап көрсетілген міндеттерді жүзеге асыру- бәріміз үшін ортақ іс.

Маржан Қожаева

облыстық Қазақстан халқы ассамблеясы төрағасының орынбасары, хатшылық меңгерушісі

 

Пікір білдіріңіз

Your email address will not be published.