«Бір белдеу, бір жол» Қазақстанды нұрлы жолға бастайды

Осыдан 5 жылға жуық уақыт бұрын Қазақ елордасына табан тіреген Қытай Халық Республикасының Төрағасы Си Цзиньпин Назарбаев университетінде арнайы дәріс оқып, Еуразия құрлығында орналасқан мемлекеттер экономикалық қарым-қатынасты дамыту мақсатында әріптестіктің жаңа модельдерін қолдануы қажеттігін, ал оған Ұлы Жібек жолы бойының экономикалық негізін жасау арқылы қол жеткізуге болатындығын баса айтқаны есте.

Мұның тарихи да шындығы бар. Осыдан бірнеше ғасыр бұрын қытай саудагерлері жібек маталарын, былғары мен жүннен жасалған тауарларын,  темір, фарфор, сырлы ыдыстары мен шабдалы, өрік, рауғаш, дәршен секілді өнімдерін керуенге тиеп кіре тартып, Қазақстан жері арқылы Орта және Батыс Азияға, Еуропаға сауда жасайтын. Кері бағытта да өздеріне қажетті дүние-мүлік тиеп, қажеттілігін өтейтін. Сол заманда алтыннан да бағалы саналған жібек маталардың дәл осы бағдарда көптеп тасымалдануының өзі бұл жолдың Жібек жолы деп аталуына түрткі болғаны белгілі. Кейіннен, бірнеше ғасырдан соң теңіз жолы дамып, кеме салу ісі қарқын алғаннан кейін түйемен керуен тартып, айлап жолда жүру біртіндеп өзектілігін жоя бастады. Қытай мен Батыс арасындағы сауда-саттық Үнді, Атлант мұхиттары арқылы жандана түсті. Ал 1869 жылдың 17 қарашасында Африка құрлығын айналып, бірнеше айлар мұхитта болу уақытын қысқартатын, Еуропа мен Азияны су көлігі арқылы жылдам қосатын, Қара теңіз бен Жерорта теңіздерін жалғастыратын Мысырдағы Суэц каналының ашылуы теңіз жолы саудасының бұдан әрі дами түсуіне жағдай жасады. Қытайдан шыққан жүк ендігі уақытта Еуропаға бірнеше ай емес, не бәрі 45 күннің ішінде жететін еді. Алайда, бүгінгідей техника мен технология жетілген заманда 1,5 айдың өзі де тым ұзақ. Сондықтан да осыдан бірнеше жыл бұрын, нақты айтқанда 2008 жылдың 6 ақпанында Қазақстан халқына кезекті Жолдауын арнаған Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Ұлы Жібек жолының қазіргі заманға лайықталған баламасы «Батыс Еуропа-Батыс Қытай» трансқұрлықтық дәлізді салу идеясына бастамашылық жасады. «Біз барлық оңтүстік облыстарды көктей өтіп, Қызылорда мен Ақтөбе арқылы Ресейге шығатын, өңірлердің экономикасын жандандыратын Қазақстандағы ең ірі көліктік жобаны — «Батыс Еуропа — Батыс Қытай» трансқұрлықтық дәлізді іс жүзіне асыруды қолға алуымыз қажет», — деген еді Нұрсұлтан Назарбаев.

Ұзындығы 8445 шақырымды құрайтын көлік дәлізінің 2787 шақырымы Қазақстанның Ақтөбе, Оңтүстік Қазақстан, Қызылорда, Жамбыл және Алматы облыстарын басып өтеді әрі бүгінгі күні толықтай пайдалануға берілген. Ал Ресей тарапы 2233 шақырымдық жолды 2020 жылға дейін бітірмек. Қытай еншісінде 3425 шақырым жол бар. Дәл осы сол теңіз тасымалына қарағанда жолды 3 есеге жуық қысқартады. Яғни, Қытайдан Еуропаға не кері бағытта тасымалданатын жүк дәл осы жол арқылы не бәрі 14 күнде діттеген жеріне жетеді. Қытай мен Батыс арасындағы жүк тасымалды жүйелі жолға қойып, алыс-берісін еселей түсудегі Қазақстанның тағы бір басымдығы темір жол екендігі сөзсіз. Бұл бағытта да еліміз қытайлық тараппен нақты жұмыстар жүргізіп те жатыр. Мәселен, бірлесе қабылданған шаралардың нәтижесінде «Үрімші (Қытай) — Қазақстан — Ресей — Латвия — Роттердам (Нидерланды)», «Чанша (Қытай) — Қазақстан — Түрікменстан — Тегеран (Иран)», «Лодзь (Польша) — Ресей — Қазақстан — Чэнду (Қытай)» бағыттары бойынша жаңа контейнерлік пойыздары іске қосылды.  Соның арқасында «Қытай — Еуропа — Қытай» бағыты бойынша Қазақстан арқылы контейнерлік тасымалдау көлемі 2015 жылдан бастап жыл сайын екі есе қарқынмен өсе түсуде. Жыл басынан бері Қазақстан аумағы арқылы 1861 контейнерлік пойыздар өткен.  Қытайдан Еуропаға қарай контейнерлік  пойыз өткен жылмен салыстырғанда 1,4 есеге артып отыр. Кері қарайғы бағдарда да транзиттік тасымал көлемі 1,6 есеге артқаны белгілі. Демек, елімізге «Қытай — Еуропа — Қытай» бағыты бойынша контейнерлік тасымалдау көлемін 2020 жылы 2 миллионға дейін ұлғайтуға және транзиттік тасымалдан түсетін пайданы 5 миллиард АҚШ долларына жеткізуге барлық мүмкіндік бар деген сөз.

Жалпы, Қытай төрағасы Си Цзиньпиннің Қазақстанда бастамашылық жасаған «Бір белдеу, бір жол» идеясын аз уақыттың ішінде 100-ден астам мемлекет пен халықаралық ұйымның қолдауы оның өміршеңдігін көрсетсе керек. Бұған қоса, бұл бастама Жібек жолы бойында қоныс тепкен барлық мемлекеттердің ұлттық бағдарламасымен де үндесіп жатқаны шындық. Оны 2017 жылдың мамырында «Бір белдеу, бір жол» атты стратегия аясында халықаралық ынтымақтастық бойынша жоғары деңгейдегі форумның ашылуында ҚХР Төрағасы Си Цзиньпин де атап өткен болатын.

«Біз саясатты көрші мемлекеттермен үйлестіретін болдық, олардың қатарында  Ресей, Еуропалық экономикалық одақ, Оңтүстік-Шығыс Азия мемлекеттері қауымдастығының өзара тәуелділік кешенді жоспары, Қазақстанның «Нұрлы жол» бағдарламасы, Түркияның «Орташа дәліз» бастамасы, Моңғолияның «Даму жолы», вьетнамдық «Екі дәліз және бір шеңбер» бағдарламасы, Британияның «Солтүстік экономикалық орталығы» және тағы басқа елдердің даму бағдарламалары», — деді Си Цзиньпин.

Қытай төрағасы бастамасының Қазақстан үшін де мол экономикалық пайдасы бар екендігін дөп басқан Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев еліміздің «Нұрлы жол» бағдарламасын «Бір белдеу, бір жолмен» түйіндестіруге пәрмен берген еді. Осылайша қолға алынған жұмыстардың оң нәтижелері де бар. Оны жоғары аталған Бейжіңде өткен «Бір белдеу, бір жол» атты стратегия аясында халықаралық ынтымақтастық бойынша жоғары деңгейдегі форум аясында Қытай Халық Республикасы Мемлекеттік кеңесінің Премьері Ли Кэцянмен кездескен Қазақстан Президенті де баса айтқан болатын. Нұрсұлтан Назарбаев интеграциялық процестердің маңыздылығына тоқталып, «Бір белдеу, бір жол» бастамасының қазіргі жағдайдағы ерекше рөлін атап өтті. «Нұрлы жол» мен Жібек жолы бағдарламаларын бір-бірімен ұштастырудың оң нәтижелеріне назар аударды.

Расында да бүгінде Қытай жаңа технологиялар саласында да бүгінгі күнге сай өнімдер шығаруда әлемнің алдыңғы қатарлы елдерімен иық тиестіріп үлгергендігі ешкімде де жаңалық емес. Мұны таяуда Қытайдың Циндао қаласында осы елге жасаған сапарын қорытындылап, БАҚ өкілдеріне сұхбат берген Елбасы да баса айтқаны есте.

«Қытай бұрын арзан тауарларды сыртқа шығаратын ел саналып келсе, енді қазір нағыз технологиялық бүгінгі заманға сай, алдыңғы қатарлы ғылыми тауарларды шығарайын деп отыр. Шынында кейінгі 40 жылдың ішіндегі өсу, өркендеу қарқыны өте үлкен. Қазірдің өзінде АҚШ-тан кейінгі екінші экономика болып отыр. Тек қана ол емес. Іс жүзінде цифрландыру, компютерлендіру, жалпы қай жағынан алып қарасаң да алдыңғы қатарлы болып келеді. Батысқа бізде жоқ технологияларды алуға баратынбыз. Қазір қытай технологиясы батыспен тартысқа түскенде кем болады деп айта алмаймыз», — деді Нұрсұлтан Назарбаев.

Сондай-ақ Мемлекет басшысы индустриаландыру бағдарламамызды орындау үшін оған қондырғылар, экспортық тауар шығаратын зауыттар салуымыз керектігін айтты. Осы мақсатта Қытаймен жалпы сомасы 28 млрд долларды құрайтын бірлескен 51 нысан салу көзделген. Оның 4-еуі іске қосылды, алтауы биыл пайдалануға беріледі. 11-і бойынша жұмыс жасалып жатыр. Келесі жылы тағы 18-і қолға алынады. «Айтпақшы, журналистер сендер бұл нысандардың қай жерде салынған, не істеп жатқанын қадағалап отыруларыңыз керек. Бір жағынан бұл нысандар кішкентай, екінші жағынан өте маңызды. Мәселен, цемент зауыты немесе Қостанайдағы автомобиль зауытын алайық. Сапар аясында Аллюр зауытына қытайлық капитал 49 пайызбен кіріп, 1,1 млрд доллар инвестиция құяды деп келісілді. Автомобиль өндірісі 100 мың данаға жетеді. Осымен бітпейді. Мен барлық бөлшектер елімізде шығарылуы тиістігін айттым. Демек, мұның барлығы да біздің кәсіпорындарда жасалады», — деді Мемлекет басшысы.

Елбасы осы жолғы мемлекеттік сапары аясында екі елдің іскер адамдары арасында 40 жобаны жүзеге асыру туралы келісімге қол қойылғанын айтты.

«Осының төңірегінде халыққа түсіндіріп кететін мәселелер бар. Бұл жобалардың барлығы да мемлекет есебінен жүзеге асырылмайды. Бұл мемлекеттік қарыз емес. Бұл кәсіпорындар арасындағы жұмыс. Мәселен ENRC алюминий зауытын бірлесіп салып жатыр. Компания бұл жоба үшін жауап беріп, ақшаны өзі төлейді. Баяғыдан осылай жұмыс істейміз. Сол сияқты «Қазақмыс» өнімін экспортқа шығарып, түскен қаражат есебінен қарызын жабады», — деп түсіндірді Қазақстан Президенті.

Түйіндей айтқанда, Қазақстанның «Нұрлы жол» инфрақұрылымдық даму бағдарламасы мен Қытайдың «Бір белдеу, бір жол» стратегиясы аясында қолға алынып, бүгінде жүзеге асырылуы басталып кеткен жоғарыда айтылған жобалар таяу жылдары еліміздің экономикасына сүбелі үлес қосатын нысандарға айналары анық.

inform.kz 

Пікір білдіріңіз

Your email address will not be published.