Байзақ ауданында ақпараттық орталық ашылды

Цифрлы технология біздің өмірімізге тәуелсіздігіміздің бастапқы жылдары-ақ батыл енгізіле бастады. Ең алдымен, мектептерді жаппай компьютерлендіру қолға алынды. Компьютерлер кеңседе де, үйде де негізгі ақпараттық құрал ретінде пайдаланыла бастады, ақпаратпен орындалатын кез келген жұмыс компьютер көмегімен жүзеге асырылатын болды. Ақпаратты сақтау да, тасымалдау да жолға қойылды.

Президенттің Жолдауында елімізде үлкен экономикалық және технологиялық дүмпу болуы тиістігі баса айтылды. Ал, ол үшін, ең алдымен, тағы сол IT саласына басымдық беріледі. Жалпы, Қазақстанда ақпараттық технологияларды мемлекеттік секторға ендіру жұмыстары осыдан он жыл бұрын сәтті басталған. Оған мысал келтіруге болады, ол – «eGov» жүйесі немесе Қазақстанның электронды үкіметі.

Дәл осы жүйенің көмегімен бүгінде жүздеген операцияны компьютер алдында отырып-ақ жүргізе аласыз. Құжат ресімдеу, коммуналдық қызмет түрлерінің ақысын, салық, айыппұл, сақтандыру және өзге де қызмет түрлерін үйде отырып төлеуге кез келген қазақстандықтың мүмкіндігі бар.

Жолдауда Елбасы: «Біз цифрлы технологияны қолдану арқылы құрылатын жаңа индустрияларды өркендетуге тиіспіз. Бұл – маңызды кешенді міндет. Елде 3D-принтинг, онлайн-сауда, мобильді банкинг, цифрлы қызмет көрсету секілді денсаулық сақтау, білім беру ісінде қолданылатын және басқа да перспективалы салаларды дамыту керек. Бұл индустриялар қазірдің өзінде дамыған елдердің экономикаларының құрылымын өзгертіп, дәстүрлі салаларға жаңа сапа дарытты» деп, нақты бағдар берді.

«Цифрлы Қазақстан» бағдарламасының негізгі төрт бағытының біріншісі ауыл аймақты кең жолақты интернетпен қамтамасыз етіп, еліміздің транзиттік мүмкіндіктерін арттыруға бағытталған болатын. Ауылдық жердегі клубтардың базасынан тұрғындардың мемлекеттік көрсетілетін қызметтерді адамның өзі баруын қажетсінбейтін электронды форматта алуы үшін ақпараттық орталықтар ашу жоспарланған еді.

Осы мақсатта, облыс басшысы Асқар Мырзахметовтің тікелей тапсырмасымен аудан орталығынан шалғай жатқан Түймекент және Диқан ауылдық округтерінде ақпараттық орталықтар ашылды. Орталықтың салтанатты ашылуына аудан әкімі Рахматілдә Рахманбердиев қатысып, елдімекен тұрғындарына қызмет көрсету орталығы арқылы он сегіз түрлі қызмет түрлерінен ақпарат алуға қол жеткізілгенін айтып, жүрекжарды лебізін білдірді.

Өз кезегінде Түймекент ауылдық округі ақсақалдар алқасының төрағасы Оразалы Бозай ауылдық кітапхана ішінен ашылған орталықтың елге тигізер пайдасына тоқтала келе, ауыл тұрғындары атынан алғысын жеткізді.

Аталған орталықты техникалық қамсыздандыру үшін бір компьютер мен оның құрылғылары, сканер жасайтын принтер, картридж сатып алынған. Бір округке аудан бюджетінен барлық құрылғылар жиынтығын алуға 600,0 мың теңге көлемінде қаржы жұмсалыпты. Сонымен қатар, ақпараттық орталықта ауыл тұрғындары кең жолақты интернет жүйесіне қосылып, кітапханадағы кітаптарды оқуға да жағдайлар қарастырылған. Енді ауыл тұрғындары қажет болған жағдайда аудан орталығы Сарыкемерге бармай-ақ, салық есептілігін тексеру, бет есебін қарау (лицевой счет), жеке кәсіпкер болып тіркелу, жеке және заңды тұлғалар табысы жайлы декларация өткізу, ветеринариялық анықтамалар беру, ауыл шаруашылығы жануарларын ветеринариялық паспорт бере отырып, бірдейлендіруді жүргізу (малға сырға салу), жер учаскесінің нысаналы мақсатын өзгертуге шешім беру, мемлекеттік кәсіпорынның немесе мемлекеттік мекеменің тұрғын үй қорынан тұрғын үйге мұқтаж азаматтарға тұрақты пайдалануында коммуналдық тұрғын үй қорынан берілген тұрғын үйдің немесе жергілікті атқарушы орган жеке тұрғын үй қорынан жалдаған тұрғын үйдің болуы (болмауы) туралы анықтама беру (нәтижесін алу уақыты 10 күн), мекен-жай анықтамасын алу (нәтижесін алу уақыты 10 минут), баланың тууын тіркеу туралы, бала тууға және бала бір жасқа толғанға дейін оны күтуге жәрдемақы тағайындау (тағайындаудан бас тарту) туралы ақпарат алу, некеге тұру, туу туралы анықтама алу, туу туралы куәлікті қайталап алуға өтініш беру, электронды қолтаңба алу, жұмыссыз азаматтардың жолдама алуы, аудан бойынша бос жерлер туралы ақпарат алу мен бос жұмыс орындары туралы ақпаратты алуға қол жеткізбек. Ағымдағы жылдың екінші жартыжылдығында 6 ауылдық округтің мәдениет үйінен осындай орталықтар ашу жоспарлануда.

Мұхтар МАНЕКЕЕВ

Пікір білдіріңіз

Your email address will not be published.