Басты ұстазым: 30 жасқа толған Илья Ильин Нұрсұлтан Назарбаевқа алғыс айтты

Танымал қазақстандық зілтемірші Илья Ильин бүгін меншікті мерекесін атап өтуде. Кезінде екі дүркін Олимпиада чемпионы атанып, кейіннен қос бірдей медалінен айырылып қалған спортшы 30-ды алқымдады.

Бұл орайда Илья өзіне әрқашан қолдау көрсетіп келген жақындары мен елбасы Нұрсұлтан Назарбаевқа алғыс айтты, деп хабарлайды Stan.kzақпараттық агенттігі.

Зілтемірші өзінің туған күніне арнаған жазбасын қазақ тілінде жазған.

“Мінеки, Инстаграмға салатын сәйкес сурет те табылды! Мен бүгін 30 жасқа толғалы отырмын! Шынымды айтсам, 30 жасқа дейін өмір сүргеніме қуаныштымын! Әрине, қолымнан келгенінше барлығын жасауға тырыстым, алдымда 30-дан кейіңгі саналы да ересек өмірім бар. Менің бапкерім жетілуің бойынша сен әлі 18 жастасын деп қалжыңдайды. Шыны керек ол дұрыс: кей өмірлік жағдайда маған 18 жас, сонымен қатар кейде өзімді 45 жастағыдай сезінемін. Сонымен, мен 30 жастамын және мен бақыттымын!

Ана, Әке, маған өмір сыйлағандарыңыз үшін алғысымды білдіремін! Мен қандай адам болсам, мені солай шыдайтын барлық жақын жандарыма рахмет айтамын. Елімнің және бүкіл ғаламның барлық халқына маған сенгендеріңіз және менімен бірге жеңіс үшін соңына дейін барғандарыңыз үшін, және, әрине Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаевқа алғысым шексіз. Мен оны өмірімдегі басты ұстазым деп санаймын, ол тек қана құттықтап қол беріп қана қоймай, керек кезде дұрыс сөздер айтып дұрыс өмірлік жолға бағыттайды! Барлықтарыңызды жақсы көремін. Менде бар болғандарыңызға тағы да рахмет!” – деп бөлісті ол.

Желі қолданушылары спортшыны туған күнімен жарыса құттықтап жатыр.

Айта кетейік, Илья 2008 және 2012 жылғы Олимпиада ойындарында жеңіп алған алтын медальдарынан айырылып қалған болатын. Халықаралық Олимпиада комитеті спортшының сынамасынан допинг тауып, осындай шешім шығарған. Дегенмен зілтемірші жаттығуларын тастаған жоқ. 2018 жылдың наурыз айында Ильяның үлкен спортқа қайта оралатыны белгілі болды.

Пікір білдіріңіз

Your email address will not be published.