«Астана» өз алаңында Хорватияның командасынан жеңіліп қалды | arainews.kz

«Астана» өз алаңында Хорватияның командасынан жеңіліп қалды

128

«Астана» өз алаңында УЕФА Чемпиондар лигасына іріктеу кезеңінің 3-раунды аясында Хорватияның «Динамо» (Загреб) командасын қабылдап, жеңіліп қалды, – деп хабарлайды «ARAINEWS» ақпарат агенттігі  inform.kz  сайтына сілтеме жасап.

Ойын басында алаң орталығын иемдену үшін кескілескен күрес жүрді. «Астана» өз жанкүйерлерінің көз алдында бірінші нөмірмен ойнауға ұмтылғанмен, загребтік команда мықты қарсылас деген мәртебесін текке арқалап жүрмегенін көрсетті.

Сондықтан командалардың кішігірім қателігі де қауіпті шабуыл ұйымдастыруға әкеп соқтырды. Оның үстіне бірінші таймда қонақтар біршама мазмұнды ойнап, кейде сәтті комбинациялар жасап жүрді. Абырой болғанда біздің жігіттер қорғаныста сауатты ойнап, қауіпті шабуылдардың бетін қайтарып жүрді. Бірақ, өкінішке қарай 39-минутта «Астананың» қорғаныс шебінің сол қапталындағы қателіктен кейін загребтіктер есеп ашты. Д. Ольмо Дмитрий Шомконы айналып өтіп, тоғызыншы нөмірдегі Марио Будимирге тамаша пас беріп, қақпашымен бірге-бір шығарды. Өткір шабуыл өтінде әбден ысылған Марио мүмкіндікті мүлт жібермеді.

Есепті теңестіру үшін елордалық ұжым бар күшімен шабуылдады. Бірақ 1-таймда оның үдесінен шыға алған жоқ.

2-таймды командалар қарқынды бастады. Ең алдымен, екі ұжымның бас бапкері де шабуыл шебіне тың ойыншыларды қосты. Елордалықтар сапында 7-нөмірдегі С. Мұжықовтың орнына 46-минуттан бастап жуырда ғана «Астанаға» келіп қосылған әзербайжандық футболшы Ричард Альмейда алаңға шықты.  Қарсылас команда сапында жалғыз гол авторы М. Будимир орнын Марио Гаврановичке босатты.

Астаналықтар 1-тайм аяғындағы қарқынын екінші бөлімде де жалғастырды. Өз кезегінде, қонақтар 1 гол айырмасын сақтап қалу мақсатында қорғанысқа көбірек мән беріп, қарымта шабуылдарға иек артты. Кей кездері ұсақ фол әдісін де қолданды, енді бірде негізсіз уақыт созуға да кет әрі емес екенін көрсетті.

«Астана», өткен «Мидтьюлландқа» қарсы ойындағы секілді қапталдан көбірек шабуыл ұйымдастырды. Бірақ қарсыластың айып алаңына әуеден асырылған доптардың ешбірі біздің шабуылшыларға дәл жетіп барған жоқ. Оның үстіне, ойынның аяғына қарай Роман Григорчук шәкірттері кейде асығыстықтан, кейде шаршаудан жиі қателік жіберіп, бір-бірін түсініспей жатты. Ұйымдастырған шабуылдарының бірен-сараны ғана қауіпті көрініс алды. Кабананганың орнына шыққан Рангело Янга 79-минутта қақпашы алаңының ішіндегі қарбаластан кейін соққан голын шотландиялық төреші Джон Битон оффсайд деп есептемей тастады. Араға бес минут салып, загребтіктер екінші голын соқты. Бұл жолы Д. Ольмо гол авторы атанды. Ойын, осылайша, «Динамо Загребтің» 0:2 есебіндегі жеңісімен аяқталды.

«Астана» капитаны, қақпашы Ненад Эричке ерекше алғыс айту қажет. «Динамо» ойыншыларының бірнеше қауіпті соққыларын қайтарып, командасын ірі есеппен жеңілуден құтқарып қалды.

Енді қарымда ойыны 15 тамыз күні Хорватия астанасы Загреб қаласында болады.

Еске сала кетейік, егер «Астана» плей-офф кезеңіне жолдаманы жеңіп алса, Швейцарияның «Янг Бойз» клубымен ойнайды.

«Астана»: Эрич, Рукавина, Аничич, Кляйнхайслер, Мұжықов (Р. Альмейда 46′), Энрике, Томасов (Мұртазаев 81′), Маевский, Кабананга (Р. Янга 63′), Постников, Шомко.

«Динамо»: Загорац, Адеми (И. Шуньич 63′), Ольмо, Хайрович (Кадзиор 82′), Будимир (Гавранович 46′), Гояк, Леовац, Теофиль-Катрин, Стоянович, Дилавер, Оршич.

 

Пікір білдіріңіз

Your email address will not be published.