Абайды тану — ардың ісі | arainews.kz

Абайды тану — ардың ісі

849

ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Егемен Қазақстан» газетіне жарилаған «Абай және  ХХІ ғасырдағы Қазақстан» атты мақаласын немерем нақышына келтіріп, дауыстап оқып берді. «Жүректен шыққан жүрекке жетеді» демекші, Мемлекет басшысының қолына қалам алып, тебіреніп, қазақтың маңдайына біткен ойшыл ақыны, кемеңгер тұлға Абай Құнанбайұлының шығармалары мен табиғи болмысы туралы озық ойлары мені де қатты толғандырды. Өйткені, Қасым-Жомарт Кемелұлы Абайтанудың жаңа дәуіріне кең жол ашқандай пайымды пікірлері мен ізгі тілектерін оқырмандар назарына ұсына білген. Бұл мақала данышпан ақынның туғанына 175 жыл толу қарсаңында жарық көріп отырғандықтан, көпшіліктің көңілінен шыға білді.

Жасырары жоқ, Абайтану мәселесі, Абай туындыларын кеңінен насихаттау жұмыстары бұрыннан-ақ дәстүрлі атқарылып келеді. Әсіресе, кемеңгер ақынның атын сақтау мақсатында көптеген игілікті шаралар қолға алынды. Соның бір айғағы, қазақ отбасында дүниеге келген ұл балалардың қатарынан Абай есімімен аталатын ер азаматтар жеткілікті. Сонымен қатар, егемен еліміздің ауылдарында, аудан орталықтарында және қалаларында Абай есімі берілген 1000-нан көше бар көрінеді.

Мұның барлығы Абай Құнанбайұлының рухын көтеріп, ақындығын асқақтатып жатқанын жақсы білеміз.

Әйткенмен, Мемлекет басшысының жариялаған мақаласында Абай Құнанбайұлының атақ даңқын одан әрі арттыра беруге баса назар аударылған. Мәселен, ақынның өлеңдері мен қарасөздерін тәржімалап, шетелдік он тілде қайтадан басып шығару көзделуде. Сонымен қатар, ақын туралы деректі фильм және телесериал түсірілмекші. Үстіміздегі жылғы 21 қаңтарда Нұр-Сұлтан қаласында Абай Құнанбайұлының 175 жылдық мерейтойы бастау алып, одан әрі жалғасын таба береді.

Мемлекет басшысының ауқымды мақаласындағы «Абай мұрасы – біздің ұлт болып бірлесуімізге, ел болып дамуымызға жол ашатын қастерлі құндылық» деген ой тұжырымы көпшілікке келелі ой салды. Біз Абайтануды ардың ісі, ақылдың күші деп бағалаймыз.

Ахметжан ҚОСАҚОВ,

Шу ауданының Құрметті азаматы.

Пікір білдіріңіз

Your email address will not be published.