Ауылдықтар азаматына дән риза | arainews.kz

Ауылдықтар азаматына дән риза

438

«Ауылына қарап азаматын таны» деген. Тамыры Көкталдан тараған Алпамыс Бақытұлының ауылға жасап жатқан игі істеріне мұндағы тұрғындар дән риза. Үстіміздегі жылдың мамыр айында округтің орталығынан имандылық ордасы-мешіт ашуға тигізген демеушілік көмегін көпшілік әлі күнге дейін ризашылықпен еске алады. Елге себін тигізуді сауап деп санаған Алпамыс Тәуелсіздік күні ауыл жастарына арналған спорт зал құрылысын аяқтап, тұрғындарға тарту етті. Салауатты өмір салтын ұстанған жастарға да қажеті осы болатын. Ғимарат алдағы уақытта балаларды спорттың бокс, күрес түрлерімен алаңсыз айналысуға мүмкіндік бермек. Заман талабына сай бой көтерген нысанның ашылу салтанатына жиылғандардың қатары қалың болды. Көкталдағы көпшіліктің қуанышымен бөлісуге аудан әкімі Бақыт Қазанбасов арнайы келіп, ізгі лебізін білдірді.

– Бұқаралық спорт-ұлт саулығының кепілі. Жастарымыз спортқа бейім болса, соғұрлым ерсі әдеттен аулақ болады. Осы спорт нысанының қабырғасынан өңір абыройын асқақтататын талай спортшының түлеп ұшуына тілектеспін,-деген аудан әкімі Алпамыс Бақытұлына «Облысқа сіңірген еңбегі үшін» белгісін табыс етті. Одан бөлек шарада ауыл тумасы Мархабат Әбдірашұлы, ауылдық ардагерлер кеңесінің төрағасы Уәйім Қойшыман Көкталдың көркеюіне үлесін қосқан азаматтарға алғысын білдірсе, Алпамыс Бақытұлы көпшілікті мерекелерімен құттықтады.

Пайдалануға берілген спорт ғимаратының лентасын аудан әкімі Б.Қазанбасов, аудандық мәслихаттың хатшысы Арқабек Төлебаев және Уәйіс Қойшыман салтанатты жағдайда қиды.

Бұл күні бой көтерген жаңа спорт залында бокстан жасөспірімдер арасында ауданның ашық біріншілігінен алғашқы жарыс ұйымдастырылды.

Пікір білдіріңіз

Your email address will not be published.