«Жамбылда жас кәсіпкерлердің саны артып келеді» | arainews.kz

«Жамбылда жас кәсіпкерлердің саны артып келеді»

653

Бүгінде кәсіпкерліктің көкжиегін кеңейту бағытында аз жұмыстар жасалып жатқан жоқ. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев та халыққа арнаған тұңғыш Жолдауында шағын және орта кәсіпкерлікті дамытуға бағытталған нақты тапсырмаларын берді. Бұл орайда елімізде бірер жылдан бері жемісін беріп келе жатқан жобалар баршылық. Соның бірі – «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры. Жуырда аталған акционерлік қоғамның облыс бойынша филиалының директоры Бақытжан Исақовпен тілдесудің сәті түскен еді.

– Бақытжан Оразқұлұлы, «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры» туралы қалың бұқара естігені болмаса, ауылдағы ағайынның дені тынысын түсіне бермейтіні рас. Айтыңызшы, қордың негізгі жұмысы қандай? Әңгімеміздің әлқиссасын осыдан бастасақ…
– «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры» акционерлік қоғамы Қазақстан Республикасы Үкіметінің арнайы қаулысымен 1997 жылы құрылған болатын. Қазіргі таңда «Даму» қорының жалғыз акционері болып «Бәйтерек» ұлттық басқарушы холдингі табылады.
«Даму» қоры мемлекеттік қолдаудың жан-жақты және тиімді құралдарын енгізу арқылы елімізде микро, шағын және орта кәсіпкерлік субъектілерінің тұрақты дамуын қамтамасыз етуге арналған мемлекеттік қаржы институты. Бүгінгі таңда «Даму» қоры жеке кәсіпкерлікті дамытуға арналған бірқатар мемлекеттік бағдарламаларды жүзеге асыруда қаржы операторы функциясын атқаруда. Олардың қатарында «Бизнестің жол картасы – 2020», «Нұрлы жер», «Қарапайым заттар экономикасы» және «Еңбек» нәтижелі жұмыспен қамтудың және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы сынды жобалар бар. Осы аталған мемлекеттік бағдарламалар шеңберінде «Даму» қоры кәсіпкерлерге қаржылай қолдаудың құралдарын ұсынуда. Атап айтсақ, банк сыйақысының пайыздық ставкасын субсидиялау, банк кредиттері бойынша ішінара кепілдік беру және қаражатты шартты түрде орналастыру арқылы жеңілдетіп қаржыландыру.
Ал Жамбыл облысының кәсіпкерлеріне қолдау көрсету мақсатында 2002 жылы «Даму» қорының филиалы облыс орталығынан ашылды. Міне, осы сәттен бері халыққа қалтқысыз қызмет көрсетіп келеміз.
– Ағымдағы жылдың он айы артта қалды. Есепті кезеңде «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры» акционерлік қоғамының облыстық филиалы тарапынан қандай жұмыстар атқарылды?
– «Даму» қоры облыс бойынша аймақтық филиалының аталған мерзімде жүзеге асырған тірліктері ұшан-теңіз. Мәселен, «Бизнестің жол картасы – 2020» бағдарламасы бойынша жалпы несие сомасы 5,3 миллиард теңгені құрайтын 113 жаңа жоба субсидияланды. Ал ағымдағы жылы барлық жобалар бойынша төленген субсидиялардың сомасы 796,6 миллион теңгені құрады. Сондай-ақ жалпы несие сомасы 2,5 миллиард теңгені құрайтын 67 жобаға 821 миллион теңге көлемінде қордың кепілдігі берілді.
«Еңбек» бағдарламасы аясында биыл жергілікті бюджеттен
1 036 миллион теңге бөлінді және бүгінгі таңда қаралған қаражаттың барлығы екінші деңгейлі банктерге орналастырылды.
2018-2019 жылдың бөлінген қаражаты бойынша есепті кезеңде 103 жоба қаржы­ландыры­лып, жалпы несие сомасы 1 миллиард 218 миллион теңгені құрады. Сонымен қатар аталған бағдарлама бойынша жалпы несие сомасы 434,5 миллион теңгені құрайтын 34 жобаға 246,1 миллион теңге көлемінде «Даму» қорының кепілдігі берілді.
«Қарапайым заттар экономикасы» бағдарламасы бойынша жалпы несие сомасы 249 миллион теңгені құрайтын 4 жаңа жоба субсидиялануда. Сондай-ақ несие сомасы 188 миллион теңгеге теңелетін 1 жобаға 73,1 миллион теңге көлемінде кепілдеме тағайындалды.
«Нұрлы жер» бағдарламасы аясында жалпы субсидиялау келісімшарты 390 миллион теңгені құрайтын 2 жаңа жоба рәсімделді. Бұл сандардың барлығының артында үлкен жұмыс пен талайдың тағдыры жатыр. Яғни қор арқылы біз өңір кәсіпкерлігін өрге сүйреп ғана қоймай, бұқараның тұрмысын түзеуге де өзіндік үлесімізді қосып жатырмыз.
– Іске асырып жатқан мемлекеттік бағдарламалардың ішінде тікелей жастарға бағытталған қандай жобаларыңыз бар? Және олар қаншалықты жеміс беруде?
– Қазіргі таңда «Даму» қоры тарапынан жүзеге асырылып жатқан мемлекеттік бағдарламалардың ішінде жас кәсіпкерлерге қаржылық қолдау көрсету бойынша екі жоба қарастырылған. Атап айтатын болсақ, алғашқысы – «Бизнестің жол картасы – 2020», екіншісі – «Еңбек» нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы.
Жас кәсіпкер өз бизнес-жоспарын жүзеге асыру үшін «Бизнестің жол картасы – 2020» бағдарламасы бойынша 20 миллион теңгеге дейін, ал «Еңбек» бағдарламасы бойынша 16,4 миллион теңгеге дейін жеңілдетілген несиеге қол жеткізе алады. Сондай-ақ егер жас кәсіпкерде кепілдік бойынша қиындықтар туындаса, «Даму» қоры несие сомасының 85 пайызына дейін кепілдеме бере алады. Бұл біздің жастарға жасап отырған қамқорлығымыз. Өздеріңіз байқап қарасаңыздар, 20 миллион теңгеге дейін 85 пайыздық кепілдемемен несие алу, сөз жоқ, жас кәсіпкер үшін үлкен демеу. Сондықтан мен жамбылдық жастарды осындай мүмкіндікті мүлт жіберіп алмауға шақырамын.
– Өзіңіз айтып өткендей, қор жұмысының бір саласы – несие алған азаматтардың кәсіпкерлігін зердеден өткізу. Айтыңызшы, осы несие алып жатқан тұрғындардың қанша пайызы кәсіпкер атанып кетіп жатыр?
– «Даму» қоры жүзеге асыратын мемлекеттік қаржылай қолдау құралдарын тек белгіленген тәртіпте тіркелген кәсіпкерлер қолдана алады. Яғни бағдарламаға қатысушылар міндетті түрде кәсіпкерлік субъектілері болуы қажет. Ал оларға қаржылай қолдау тетіктері белгіленгеннен кейін қор міндетті түрде бизнес-жобаларға мониторинг жүргізеді. Біздің мониторингтік қызметіміз алынған несиенің мақсатты жұмсалуын, жобаның іске асырылып жатқанын, сондай-ақ жеке табыстың өсуі мен жаңа жұмыс орындарының ашылуын тексереді.
Бүгінгі күнге қаржылай қолдау тетіктеріне ие болған бизнесмендердің ақшаны мақсатсыз жұмсаған өрескел заңбұзушылықтары тіркелген жоқ. Десе де берілген қаржыны бақылауда негізгі оператор болып табылғандықтан барынша қырағылық танытуға тырысамыз.
– Саладаға бір мәселе – жылда қаржының игерілмеуі. Бұның себебін бұқара қордан қаржы алу талаптарының қиындап кеткені және қағазбастылықтан көріп отыр. Бұл қаншалықты рас?
– Жалпы, «Даму» қоры кәсіпкерлерге қаржылық қолдау барысында тікелей несие беруді жүзеге асырмайды. Мемлекеттік бағдарламалар шеңберінде, кәсіпкерлік субъектілерінің жобаларын қаржыландыру «Даму» қоры тарапынан екінші деңгейдегі банктер, микроқаржылық ұйымдар арқылы іске асырылады. Өз кезегінде «Даму» қоры екінші деңгейлі банктердің кредит беру барысында олардың ішкі несие саясатына араласуына, не болмаса қандайда жолмен ықпал етуіне мүмкіндігі жоқ. Сондықтан біз тек пойыздың жолсерігі сияқтымыз. Өтінім беруші өз қаржысына қол жеткізгенше банктерде бірге жүріп, құжаттарының заңды болуын қамтамасыз етеміз. Ал несие алған азамат қорға емес, тікелей банкке қарыздар болады. Халық біз тек бағыттаушы екенімізді түсінсе екен деймін. Рас, қорға да қарасты қаржы көздері бар. Соған қатысты қаржының игерілмеуі туралы айтылуда. Мәселен, былтыр біз 65 миллион теңгені игере алмадық. Бірақ бізге қаржыны бір жылдың ішінде игеру керек деген талап қойылмаған. Сондықтан біз 65 миллион теңгені биылға аударып, толықтай тетігін таптық. Бір сөзбен айтқанда, тікелей қорға берілген қаржының бағдарын таппай, игерілмей қалған кезі болған емес.
– Алғашқы жылдары «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры» туралы көп айтылатын. Қазір кәсіп ашамын деушілерге төмен пайызбен несие беретін өзге де компаниялар көбейді. Осы бәсекелестікпен қалай күреспекшісіздер?
– Негізі, «Даму» қоры сыйақының пайыздық ставкасын субсидиялау құралы арқылы төмен пайыздық мөлшерлемемен мол көлемде несие алуға мүмкіндік беруде. Несие алу барысында кепілзат құны жетпеген жағдайда қордың ішінара кепілдігін алып, қажетті сомаға қол жеткізуге де болады. «Даму» қорында субсидиялау мен кепілдендіру құралдары бойынша жобаны қарастыру автоматтандырылған, яғни біз қысқа мерзім ішінде жобаны қарастырып шешім шығарамыз. Осы ерекшеліктерімізге байланысты бәсекелестік ортада өз орнымызды айқындағанбыз. Бүгінде халықтың көзі ашық. Қай компанияның ұсыныстары тиімді екенін нақты біледі. Осы қырынан келгенде қор кәсіпкерлікті дамыту бағытында ел нарығында талай жыл жұмыс жасайды деп сенемін.
– «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры» акционерлік қоғамы облыстық филиалының басшылық құрамында ауыс-түйіс жиі орын алатын сияқты. Олай дейтініміз, сіздің алдыңыздағы басшы бар-жоғы бір жылдан аса қызмет етті. Бұл компанияның белгіленген ротациялық тәртібі ме? Әлде бұның басқа да себебі бар ма?
– Рас, осы филиалға басшы болып тағайындал­ғаныма бір жарым жылдан енді асты. Филиалдың бұрынғы басшысы отбасылық жағдайына байланысты жұмысын ауыстыруына тура келді.
«Даму» қорында өз қызметкерлерінің еңбекке деген ынтасын арттыру мен тәжірибе жинату мақсатында ішкі ротация болып тұрады. Ол әлемдік және өңіраралық құрылымдық бөлімдерде бар тәжірибе. Десе де мен жамбылдық филиалға жұмыс жасаймын деп келдім. Өзімнің жинаған тәжірибемді әулиеаталық әлеуметтің әлеуетін арттыруға жұмсасам деймін. Сондықтан басшы ретінде менің алға қойған жоспарым көп. Оны уақыттың еншісіне қалдырайық.
– Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев халыққа арнаған Жолдауын­да шағын және орта кәсіпкерлікті дамы­туға байланысты нақты тапсырмалар бергені белгілі. Осы орайда келер жылы жамбыл­дық­тар­ды қандай жаңа жобалар мен жаңалықтар күтіп тұр?
– Ел Президенті өз Жолдауында шағын және орта бизнесті мемлекеттік қаржылық қолдау жүйесін жаңа жобаларға басымдық бере отырып «қайта жүктеу» қажеттігін атап өткенін қалың бұқара естіді. Сондай-ақ Мемлекет басшысы Үкіметке бизнестің жол картасының жаңа бағдарламасын әзірлеп, оны жүзеге асыруға келесі үш жылда қосымша 250 миллиард теңге бөлуді тапсырды.
Қазіргі уақытта бұл бағыт бойынша жұмыстар біршама түйінделді. Атап айтқанда, «Даму» қоры Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика министрлігі мен «Бәйтерек» ұлттық басқарушы холдингі» акционерлік қоғамымен бірлесе отырып, бизнесті одан әрі қолдау мен дамыту үшін «Бизнестің жол картасы – 2025» жаңа мемлекеттік бағдарламасының жобасын жасақтады. Бұл бағдарламада өзіне тән кепілдеме беру, кредит бойынша сыйақыны субсидиялау, гранттар ұсыну сынды қағидалар қарастырылған. Оған қоса жаңа бағдарлама аясында қаржылай қолдау құралдарының мөлшерін кеңейту көзделуде. Мәселен, кепілдеме беру бойынша бизнесті енді бастаған жас кәсіпкерлер үшін несие мөлшері 20 миллион теңгеден 60 миллион теңгеге дейін өседі. Ал кепілдеме сол қалпында, яғни 85 пайыз болып қала береді.
Бағдарламаның айналым бөлімі де кеңейіп келеді. Мысалы, айналым қаражатты толықтыру үшін несие мөлшері (субсидиялау және кепілдеме беру) 60 миллион теңгеден 360 миллион теңгеге дейін өседі. Оның ішінде бірінші бағыт бойынша – 60 миллион теңгеден 180 миллион теңгеге дейін, ал екінші бағыт бойынша 60 миллион теңгеден 360 миллион теңгеге дейін ұлғаймақ.
Кепілдеме беру аясында жаңа бағдарламада қосымша құрал ретінде қайта қаржыландыруды қарастырып отырмыз, яғни қайта қаржыландыру арқылы несиенің мақсатын кеңейту болып отыр.
Міне, осындай тың тәсілдер арқылы «Бизнестің жол картасы – 2025» бағдарламасын бұқара үшін тағы тиімді ете түспекпіз. Жаңа бағдарлама жемісті болатындығына бек сенімдімін. Соның арқасында Жамбылда жас және жаңа кәсіпкерлердің легі артады деп ойлаймын.
– Әңгімеңізге рақмет!

Сұхбаттасқан Саятхан Сатылғанов

Пікір білдіріңіз

Your email address will not be published.