«100 жаңа оқулық» арнайы жобасы аясында «Bookcrossing» акциясы өткізілді | arainews.kz

«100 жаңа оқулық» арнайы жобасы аясында «Bookcrossing» акциясы өткізілді

379

Облыстық «Рухани жаңғыру» жобалық офисінің ұйымдастыруымен М.Х.Дулати атындағы ТарМУ-дың кітапханасында «Bookcrossing» акциясы өтті. Шарада «100 жаңа оқулық» арнайы жобасы аясында қазақ тіліне аударылған кітаптардың мазмұны мен мағынасы көпшілікке түсіндірілді.

Белсенді жастар, ҮЕҰ көшбасшылары, жоғары және ортан арнаулы оқу орындарының студенттері, мектеп оқушылары мен оқырмандар клубының өкілдері қатысқан жиында облыстық «Рухани жаңғыру» жобалық офисінің басшысы Серікбол Берікқожа Елбасының «Рухани жаңғыру» бағдарламасының жарияланғанына биыл екі жыл толып отырғанын тілге тиек етіп, бағдарламалық мақаланы өңірімізде жүзеге асыруда екі жылдың ішінде бірқатар жұмыстар атқарылғанын жеткізді.

– Бүгінде «Рухани жаңғыру» бағдарламасы қоғам тіршілігінің барлық саласын қамтып отыр. Облысымызда «Рухани жаңғыру» бағдарламасын жүзеге асыруды ілгерілету мақсатында облыс әкімінің қаулысына сәйкес «Жамбыл облысының «Рухани жаңғыру» жобалық офисі» коммуналдық мемлекеттік мекемесі болып құрылды. Бүгінгі шара аталмыш жобалық офистің бастамасымен, М.Х.Дулати атындағы ТарМУ-дың қолдауымен ұйымдастырылып отыр. Бұл шара «Рухани жаңғыру» бағдарламасының «100 жаңа оқулық» арнайы жобасы аясында қазақ тіліне аударылған кітаптарды жастарды оқуға дағдыландыру болып табылады, – деді ол.

Мұнан соң М.Х.Дулати атындағы ТарМУ философия және саясаттану кафедрасының меңгерушісі, ф.ғ.к., доцент Дина Көлбаева Джерен Джексонның «Философияның таңдаулы 25 кітабы» атты кітап туралы ойын ортаға салды. Ол өз сөзінде қазақ тіліне аударылған бұл кітаптың болашақ маман иелерін даярлауда алатын маңызы зор екенін атап өтті. Себебі, онда студенттер үшін тың мәліметтер легі топтастырылған. Сонымен қатар, философия және саясаттану кафедрасының доценті, ф.ғ.к. Мейірхан Спанов Карен Армстронгтың «Иудаизм, христиандық пен исламдағы 4000 жылдық ізденіс: Құдайтану баяны» атты кітабын оқығаннан алған әсерлерімен бөлісті. Ал экономика және бизнес факультетінің PһD докторы Сұлтан Әбілдаев Грегори Мэнкьюдің «Экономикс» кітабы туралы ойын ортаға салып, жаһандану заманында техникамен қатар адамдардың да ойлау қабілеті бәсекеге сай болуы қажеттігін сөз етті. Сондықтан аталған кітаптың адамның ойлау қабілетін арттыруында алатын маңызы зор екенін айтты.

Пікір білдіріңіз

Your email address will not be published.