Үкімет басшысы жұмыссыз жастарды қысқа мерзімді біліммен қамтуды тапсырды

ҚР Премьер-Министрі Бақытжан Сағынтаев кәсіптік-теxникалық білімге жастарды көптеп тартуды жүктеді.

Үкімет басшысының айтуынша, бүгінде кәсіптік-теxникалық білім тегін болса да, жастар ондай оқуға көп бара бермейді. «Мемлекеттік тапсырыс 75 мыңнан 100 мың орынға (грантқа — авт.) дейін ұлғайды. Алайда 14-24 жас аралығындағы жастарды теxникалық және бейінді біліммен қамту төмен болып отыр. Қазір аталған көрсеткіш бар болғаны 17 процентті құрайды. Ең төменгі көрсеткіш Алматы облысында — 10 процент, Түркістан облысында — 13,9 процент, Солтүстік Қазақстан облысында — 14,4 процент және Жамбыл облысында — 14,5 процент. Осыған байланысты білім және ғылым министрлігі әкімдіктермен, сондай-ақ, «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасымен бірлесе отырып, жұмыссыз жүрген жастарды кәсіптік біліммен қысқа мерзімде, формалды емес және қосымша біліммен қамту бойынша жүйелі шаралар қабылдасын», — деді Б.Сағынтаев.

Премьер-Министрдің сөзіне қарағанда, жоғары оқу орындары мен колледждерде берілетін білім бүгінгі заман талабына сай болуы шарт. Себебі қазіргі білім беру бағдарламалары цифрландыру сияқты маңызды жоспарлармен үндеспей жатады.

Айта кетейік, отырыс барысында министр Ерлан Сағадиев жаңартылған мазмұндағы білім беру мәселесіне де тоқталды. Оның айтуынша, жоспар бойынша биыл бірқатар сыныптар білімнің жаңартылған мазмұнына көшетін болады.

«Өткен жылдан бастап 1-ші, 2-ші, 5-ші және 7-ші сыныптар жаңа оқу бағдарламасы бойынша білім алуда. Осы 2018-ші оқу жылынан бастап қосымша 3-ші, 6-шы және 8-ші сыныптар жаңартылған мазмұн бойынша білім ала бастайды. Оларға арналған оқулықтар дайын. Барлығы сараптамадан өтті, басылды. Оқулықтарды облыстарға жеткізу жұмысы басталып кетті», — деді Е.Сағадиев.

Министрдің сөзіне қарағанда, Бірқатар аудандарға оқулықтар уақтылы жетпей қалуы мүмкін.

inform.kz

Пікір білдіріңіз

Your email address will not be published.